Ақтөбе облысындағы «Мансап» мектебінде іріктеу жүріп жатыр

25 Қараша 2022, 16:05
1234
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы «Мансап» мектебінде іріктеу жүріп жатыр

Ақтөбе облысындағы «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебі болашақ мемлекеттік қызметшілерді іріктеп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мәдина Сұлтанованың айтуыншадарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту, оларды заман талабына сай тәжірибелік дағдылардан өткізу бағытында жұмыс істейтін бұл мектеп бүгінге дейін жүзден астам түлекті тәрбиелеп шығарған. Бүгінде олардың көбі облыста абыройлы еңбек етіп жүр.

Мемлекеттік қызметші — халықпен тікелей байланысатын, көпшіліктің көңілін күпті еткен түйінді мәселелерді шешуде бірден-бір өкілетті тұлға. Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік қызметке еңбек еткісі келетін жастарға түрлі мүмкіндіктер жасалып жатыр. Осы орайда «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебі мемлекеттік қызметке келгісі келетін жастарға мол мүмкіндік береді. Ақтөбе облысында «Мансап» мектебі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаментінің бастамасымен 2016 жылы ашылды. Содан бері бүгінге дейін бұл мектепті 111 студент бітіріп, олардың бірқатары мемлекеттік қызметтің түрлі саласында жұмыс жасап жүр, — дейді бас маман.

Қазір «Мансап» мектебінде VII маусымға іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жаңа маусымға 44 үміткер ниет білдіріп, құжаттарын тапсырыпты. Олар қазіргі уақытта екі кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп жатыр. Оның біріншісі — кейс тапсырмаларын шешу. Бұл кезеңде үміткердің мемлекеттік қызмет саласы туралы білімін анықтауға бағытталған жазбаша жұмысы бағаланады. Ал екінші кезең — сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелесу. Әңгімелесу кезінде үміткердің кәсіби және жеке құзыреттері, оқуға деген ынтасы, мемлекеттік басқару жүйесінің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білу деңгейі айқындалады.

Егер үміткерлер іріктеуден өтсе, мектепте кәсіби білім алатын болады. Оларға мектепте білім беру процесі аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрлары мен докторлары, аға оқытушылары, мемлекеттік қызметтің тәжірибелі мамандары және өңіріміздің беделді тұлғалары дәріс оқиды. Мектеп қабырғасында студенттер мемлекеттік қызметтің қыр-сырымен танысып, қызметтік әдепті бойларына сіңіріп, жоғарғы оқу орындарында алған білімдерін мемлекеттік органдарда тәжірибе барысында шыңдайтын болады, — дейді М.Сұлтанова. 

Айта кету керек, «Мансап» мектебі болашақ мемлекеттік қызметшілерді оқытып, оларды жан-жақты етіп тәрбиелеп қана қоймай, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы, мемлекеттік қызметте адал, бәсекеге қабілетті маман болып шығуына атсалысады. Бүгінде Ақтөбе облысында мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген 4 мыңға жуық қызметші бар. Олардың арасында әйелдердің үлесі — 56 пайыз. Бұл салада еңбек етіп жүргендердің орташа жасы 39,4 жас болса, ал мемлекеттік қызметтегі орташа өтілі – 12,4 жыл.

Өзгелердің жаңалығы