Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті заңсыз жер үлестірген жауапты мекеме басшыларын анықтап, қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Нұрмұхановтың айтуынша, былтырдан бері мұндай деректер бойынша департаментке түсетін шағымдардың саны көбейген.
Соңғы жылдары жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық деректері көп тіркелуде. Осыған байланысты биыл департамент тарапынан бірқатар тексеріс жұмыстары жүргізілді. Бүгінде департамент заңсыз жер телімін үлестіру бойынша үш қылмыстық істі қадағалап отыр. Оның бірі «Ақтөбе» әлеуметтік-корпоративтік корпорациясы болса, енді біреуі Ақтөбе қаласының жер қатынастары бөліміне, ал үшіншісі Алға аудандық жер қатынастары бөліміне қатысты. Мәселен, бір қылмыстық іс бойынша кәсіпкерге 25 гектар жер заңсыз берілген. Қазір құқық қорғау органдары осы іске жауапты тұлғаны тергеп жатыр. Үш іс бойынша жауапты тұлғалар заңсыз жер бергендері үшін заң аясында жауап береді, ал заңсыз берілген жерлер мемлекетке қайтарылды. Негізінен бұл қылмыстық істер департаментке келіп түскен шағымдар аясында анықталды, — дейді ол.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, бүгінде облыста 30 млннан астам жер қоры болса, соның 26 миллионнан астамы — ауыл шаруашылығы алқаптары. Оның ішінде 25293 гектары — жайылымдық жерлер. Биыл облыста конкурс арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 688 мың гектар жер шаруашылықтарға табысталған.
2019 жылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурстар аясында беріледі. Яғни, конкурстық комиссияның шешімімен шаруалар өз жобаларын ұсына отырып, жеңімпаз атанып, аталған жерге иелік етеді. Осы іске қатысты бірнеше жылдан бері тұрғындар тарапынан наразылықтар туындап келеді. Оның басты себебі — комиссия құрамындағы мүшелердің біркелкі болмауы, яғни комиссия құрамындағы мүшелердің 50 пайызы қоғамдық ұйымдардың мүшелері болуға тиіс. Қазіргі таңда біз осы мәселені шешуді қолға алып жатырмыз.Тағы бір жайт, қазір конкурсқа түскен азаматтардың ішінде көтеріңкі қаржы бөлген адам жеңімпаз атанады. Болмаса көп мөлшерде инвестиция салу арқылы кәсіпкерлер жеңімпаз атанып жатады. Ал жер телімін алуда конкурсқа қатысқан адамдардың сол ауылдың азаматы ма, оның қандай шаруашылығы бар, ол қандай жоба ұсынды, міне, осы басымдықтарға мән берілмейді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарымызды жолдадық. Болашақта конкурстар өткізуде жер комиссиясы институты алынып тастауы мүмкін. Министрлік бүгінде адами факторлардың қатысуын мейлінше төмендету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді басқарма басшысы.
Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша 396 мың гектар мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде 17 800 гектары — егістік жерлер. Ал былтыр мемлекетке 530 мың гектар жер қайтарылыпты.
Басқарма басшысының айтуынша, ендігі уақытта жер заңнамасын бұзған жағдайда кез келген жер пайдаланушыдан жер тартып алынады. Ал заңсыз жер берген басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Бүгінде Ақтөбе облысындағы жайылымдық жерлердің жалпы көлемі 3 миллион 800 мыңнан асады. Алайда бұл жер өңірде тіркелген мал басына жетпейді. Атап айтсақ, қазіргі таңда Алға ауданында 20 мың гектар, Мәртөк ауданында 43 мың гектар, Темір ауданында 19 мың гектар, ал Ақтөбе қаласында 21 гектар жер учаскесі жетіспейді. Біз жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту бойынша қазір қарқынды жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — дейді Исатай Еспағанбетов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мамандарының айтуынша, жоғарыда аталған қылмыстық істерге қатысты толық ақпарат алдағы уақытта хабарланады. Қазір тергеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты істің мән-жайы жарияланбайды.