Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалар неге көбейіп кетті?

23 Маусым 2023, 14:55
944
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалар неге көбейіп кетті?
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе облысында 34 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 37 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғалардан 6 адам қаза тапса, 31 жұмысшы әр түрлі дене жарақатын алған. Ал былтыр өндірісте 76 жазатайым оқиға болған. Соның салдарынан 103 адам зардап шегіпті.

Облыстағы бірқатар кәсіпорында жазатайым оқиғалардың саны азаймай тұр. Мәселен, Хромтау ауданындағы "Дөң" кен-байыту комбинатында жұмысшылардың өндіріс барысында жарақат алу деректері салысырмалы түрде былтыр көп болса, биыл біршама азайды. Дегенмен бұл жерде біз мынаны ескеруіміз керек: қазір жұмыс берушілер де, жұмысшылар да өндірістік қауіпсіздікті дұрыс сақтамайды. Бірқатар кәсіпорында лауазымды тұлғалардың біліктілігінің жеткіліксіздігі мен жұмыс барысын қадағалаудың аздығынан осындай қайғылы жағдайлар болды. Көп жағдайда Еңбек кодексінің талаптары орындалмайды. Сондықтан кәсіпорындарда жұмыс жасайтын азаматтар барынша сақтық шараларын орындауы керек, - дейді ол.

Бірлестік төрағасының айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 9 мыңнан астам ұжымдық шарт жұмыс істейді. Ал ұжымдық шарт жасалмаған мекемелерде көп жағдайда еңбек дауы жиі тіркеледі. Былтыр Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы осы бағытта 20-ға жуық семинар-тренинг өткізген. Сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өткізілген «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» атты онлайн акцияға облыстағы бірқатар еңбек ұжымын қатыстырып, оларды толғандырған сауалдарға жауап берген. Мәселен, аталған акция барысында өңірдегі кәсіпорындар тарапынан 20-ға жуық сауал түсіп, өзекті мәселелер көтерілген.

Өкінішке қарай, бүгінде облыс аумағындағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының басшылары мен өкілдері кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, ынтымақтастық орнатуға мүдделі болмай отыр. Осыдан келіп, жұмысшылардың құқығы қорғалмайды, қарапайым жұмысшылар зардап шегеді. Қазір біз облыс бойынша еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіріп, келіссөздер жүргізіп, бұл бағытта іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Егер облыстағы барлық кәсіпорында бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, басшылар жұмысшылардың құқығын қорғауға атсалысса, онда еңбек даулары мүлде болмаған болар еді. Айта кету керек, осы орайда биыл біздің орталық жанынан заң клиникасы ашылды. Онда кез-келген азамат еңбек құқығына қатысты сауалдары болса орталыққа келіп, заңгерлерден тегін көмек ала алады, - дейді ол.

Былтыр Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығына қарасты татуластыру орталығына азаматтардан 60-қа жуық өтініш түсіп, оның 54-і қаралып, оң шешім қабылданған. Мәселен, кәсіподақтағы заңгердің көмегімен бес жұмысшы жұмыстарына қайта орналасса, өңірдегі бір мұнай-газ компаниясының бұрынғы қызметкері еңбек шартын өзгерту үшін орталықтың көмегіне жүгінген. Соңында әлгі жұмысшы сот арқылы өз орнына қайта орналасып, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс берушімен еңбек шартын мерзімсіз мерзімге қайта жасасқан.

Қазір Ақтөбе облысында 14 мыңнан астам кәсіпорын болса, соның 60 пайыздан астамы ғана өз жұмысшыларымен ұжымдық шарт жасаған. Ал қалған бөлігі бұл бағытта жұмыс жасауға құлықсыз. Біз өткен жылы облыстық үшжақты комиссияның бастамасымен болған отырыстарда 22 мәселе қарап, осындай проблемаларды көтердік, жұмысшылардың заңнамаға сәйкес құқығын қорғауда жұмыстандық. Мәселен, былтыр біздің онға жуық ұсынысымыз қолдау тауып, жұмыс берушілер инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде жалақыны индекстеуді жүргізді. Осылайша биыл бірқатар кәсіпорындарда жұмсшылардың жалақысы көтерілді, - дейді Әмірғалиев.

Жыл басында Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде биылғы жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілікті нығайту үшін 954 өндірістік кеңес құрылған.

Аталған кеңестердің 95 пайызы кәсіподақтың бастамасымен құрылды. Бұл — өте қуанарлық жағдай. Сондай-ақ өткен жылы өңірдегі ірі кәсіпорындар мен мекемелерде 17 жаңа кәсіподақ ұйымы өз жұмысын бастады. Бүгінде осы ұйымдарда еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмысшылардың құқығын жан-жақты қорғау, еңбек дауларын болдырмау мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ біздің орталық қазір облыс әкімдігіндегі ахуалдық орталықтың жұмысына қосылып, бірлесе жұмыс жасауда. Егер еңбек даулары туындаған жағдайда, ақтөбеліктер бізге 109 нөмірі арқылы хабарласуына болады. Біздің заңгерлеріміз тұрғындарға тегін кеңес береді, - дейді бірлестік төрағасы.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы әр түрлі сала бойынша 11 филиал мен 1177 бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметін үйлестіріп отыр. Олардың құрамындағы адамдардың жалпы саны — 132 000.

Өзгелердің жаңалығы