Ақтөбе облысында 320 ауылдың 54%-ы газбен, 90%-ы ауызсумен қамтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, бүгінде өңірде 320 елді мекен болса, соның 173-і немесе 54,1 пайызы көгілдір отынмен, 290 ауыл немесе 90,6 пайызы ауызсумен қамтылған. Ал 36 елді мекен ұңғыма арқылы су алып отыр.
Биыл Ақтөбе облысында жалпы саны 1605 тұрғыны бар 5 ауылды газдандыру жұмыстары аяқталды. Атап айтсақ, Темір ауданындағы Еңбекші, Алтықарасу, Мұғалжар ауданындағы Жарық, Мәртөк ауданындағы Первомайка, Жаңажол ауылдары көгілдір отынмен қамтылды. Сондай-ақ құны 43,1 миллиард теңгеге "Бұхара-Орал" газ құбырынан Ақтөбе қаласына тартылатын газ құбырының 3-ші желісінің құрылысы жүргізілуде. Жобаны аяқтау биыл желтоқсан айына жоспарланған. Бұдан бөлек, облыстың 5 елді мекеніне орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылды. Олардың қатарында Алға ауданындағы Қайыңдысай, Байғанин ауданындағы Жаңатаң, Қопа, Мұғалжар ауданындағы Жарық, Құмсай ауылдары бар, - дейді Нұршашқан Ізбасарова.
Сондай-ақ биыл Мәртөк ауданындағы Жаңатаң ауылы мен Ырғыз ауданындағы Дүкен ауылына кешенді су тазарту модулі орнатылған.
Тұрғындары аз ауылда неге ауызсу жоқ?
Соңғы жылдары Ақтөбе облысында ауылдарды көгілдір отынмен және ауызсумен қамтуда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен әлі күнге дейін қи мен көмір жағып, суды ұңғымадан алып отырған шалғай елді мекендер бар. Мәселен, облыс орталығына жақын орналасқан ірі аудан – Хромтау ауданында 46 мыңнан астам халық тұрады. Бүгінде бұл ауданда 28 елді мекен бар. Соның ішінде 23-і көгілдір отынмен, 24-і ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда аудандағы 14 ауылдық округтің орталығы және Хромтау қаласы газбен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Құдықсай және Қарлау елді мекендеріне газ құбыры тартылды. Бүгінде аудан бойынша газбен қамтылған халықтың үлесі – 99,7%.
Биыл жыл соңына дейін Хромтау қаласындағы Заготзерно көшесіне газ құбыры желілерін салу жобасы аяқталады. Ал аудандағы тұрғындар аз шоғырланған Кіші Тассай, Көктерек, Ойсылқара, Жайлаусай, Көптоғай ауылдарына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу тиімсіз. Өйткені бұл ауылдарда небәрі 10-15 шақты ғана түтін бар.
Ал ауызсумен қамтуға келсек, қазіргі таңда Хромтау ауданындағы 28 ауылдың 24-і таза сумен қамтылған. Яғни аудан халқының 85 пайызы таза ауызсу ішіп отыр. Ал тұрғындар аз шоғырланған Көктерек, Жайлаусай, Кіші Тассай, Көптоғай ауылдарына су құбыры жүргізілмейді.
Сол сияқты Ақтөбе облысы Байғанин ауданында да халық саны 200 адамға жетпейтін 5 елді мекен бар. Оның ішінде Айрық, Шұқырши, Жыңғылдытоғай елді мекендеріне кешенді блок модуль орнатылған. Биыл осындай ауылдарды ауызсумен қамту үшін суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату ұсынылды.
Аудан әкімі Айбек Көпеновтің айтуынша, Байғанин ауданында барлығы 23 елді мекен болса, соның 15-і ортақтандырылған ауызсумен, 4-еуі кешенді блок модульмен қамтамасыз етілген.
Ауданда ауызсумен қамту көрсеткіштері елді мекендерді есептесек – 75 пайыз, ал халық санына есептесек 93,8 пайыз болып отыр. Биыл аудандағы Дияр, Жаңатаң және Қопа елді мекендері бойынша сумен қамту нысандарының құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Қопа және Жаңатаң елді мекендеріне жүргізілген құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір құжаттар қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Баршақұм ауылы бойынша 2024 жылы құрылыс жұмыстары мердігер есебінен жүргізіліп, атқарушылық парақ арқылы мердігерге қаражат аударылады. Аталған елді мекендерде сумен қамту жүйесін іске қосқан соң аудан бойынша елді мекендердің ортақтандырылған ауызсумен қамтылуы – 91,67 пайыз, ал халық санына шаққанда 99,6 пайыз болады, - дейді ол.
Оның айтуынша, биыл Байғанин ауданындағы Қораши ауылына газ тартылып жатыр. Бүгінде кентішілік газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым – "КазПромСтройГрупп" ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Аудандардағы ахуал қандай?
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында жалпы саны 27 ауыл бар. Бүгінде осы ауылдардың ішінде 13-і ғана, яғни 15 мың тұрғын газбен қамтылған. Аудандағы газбен жабдықтау көрсеткіші – 75,1%.
Биыл аудандағы Әйке, Тереңсай және Сұлукөл ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын жүргізу үшін құрылыс жұмыстары басталды. Алдағы жылға жобасы дайын Ақтасты, Жабасақ, Тымабұлақ ауылдарына жеткізуші газ өткізу жұмыстары жоспарға енгізілді. Желтоқсан айында мемлекеттік қорытынды дайын болады. Сондай-ақ аудандағы Қияқты, Ұлғайсын ауылдарына көгілдір отын беру үшін бір жоба дайындалуда. Жоба құны – 614,3 млн теңге.
Ал ауызсумен қамтуға келсек, аудандағы 27 елді мекеннің 19-ы немесе 19 092 тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Екі ауылға (Талдық, Қияқты) кешенді блок модуль орнатылған. Алдағы уақытта тағы үш елді мекенге (Милысай, Сарбұлақ, Байжанкөл) осындай модуль орнату жоспарлануда.
Биыл жалпы құны 591,92 млн теңге болатын Темірбек Жүргенов атындағы ауылда су құбырын жаңғырту және құны 282,3 млн теңгені құрайтын Үшқатты ауылындағы орталықтандырылған су құбырын қайта жаңғырту жобалары дайындалып, сараптамадан өткізілді. Бүгінгі күні 3 жоба (Белқопа, Аққұм, Ұлғайсын) жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Белқопа ауылында мердігер "МКК Элит Строй Групп" ЖШС су құбырын жүргізу жұмыстарының 90 пайызын орындады. Ал Аққұм мен Ұлғайсын ауылы бойынша жоба түзетуден кейін әлі жүзеге асырылмады. Мердігер ұйым – "Engineering and construction group" ЖШС аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстарын толығымен жүргізілбеді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында біржақты келісім шартты бұзу бойынша хабарлама беріліп, жоба қайта қарастырылып жатыр, - дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
Ал облыстағы ірі аудандардың бірі Шалқар ауданында биыл газдандыру жүйесі жаңартылып, қосымша 13 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. 31 елді мекеннің 27-сі орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, қалған 4 ауылда кешенді блок модуль орнатылған. Бүгінде бұл ауданда 28 мыңға жуық халық тұрады.
Сол сияқты Ойыл ауданында да 7 ауылдық округке қарасты 22 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, 5 елді мекенге кешенді блок модуль орнатылған. Биыл аудандағы Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылына орталықтандырылған ауызсу құбыры жүргізіліп жатыр. Биыл осы бағыттағы құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін бюджеттен 63 898 мың теңге бөлінген. Жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ойыл ауданында 22 ауыл болса, бүгінде соның үшеуінде ғана көгілдір отын бар. Қалған ауылдарға газ құбырын тарту жұмстары жоспарда бар. Мәселен, биыл Көптоғай және Амангелді ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырын салу нысандары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер ауылдарына тартылатын газ құбырын салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Осы жоспарланған жұмыстар аяқталған соң 22 елді мекеннен 10 елді мекен (45,5%) немесе 11 153 адам (71,0%) газдандырылатын болады, - дейді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Ал облыс орталығына жақын орналасқан астықты аудан – Мәртөк ауданында биыл екі елді мекенде су тазарту құрылғылары орнатылған. Атап айтсақ, Шевченко ауылының ауызсу жүйесін жақсарту мақсатында су айдау бекетіне су тазарту фильтрі орнатылса, Жаңатаң ауылына кешенді блок модуль қондырылған.
Жалпы, қазіргі таңда бұл ауданда 24 ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Таза сумен қамтылған ауылдардың үлесі – 75%, тұрғындардың үлесі – 94,9%. 2021-2022 жылдары халық саны 200 адамнан төмен 7 ауылға кешенді блок модульді су тазарту станциясы орнатылған. Олар – Первомайка, Жаңажол, Дмитриевка, Покровка, Егізата, Көкпекті, Қарабұлақ ауылдары. Нәтижесінде 670 тұрғын ауызсумен қамтылған. Ал қазір Хазрет және Кеңсахара ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Ауданда 32 ауыл болса, соның 16-сы немесе 50%-ы (тұрғындар бойынша газбен жабдықтау көрсеткіші – 88%), құрап отыр. Хазірет ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы, Қызылжар, Шевченко, Бөрте, Байнассай, Ақмоласай ауылдарына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы жұмыстары басталды. Алдағы жылдарға жобасы дайын Аққайың, Покровка, Первомайка ауылдарына жеткізуші газ өткізу үшін қаражат бөлу қарастырылуда. Полтавка ауылына газ өткізу үшін жобасына өзгерістер енгізіліп жатыр, - дейді Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов.
Ал Мұғалжар ауданында биыл бірнеше ауылда газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Жарық ауылына газ жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталса, Ащысай, Сабындыкөл, Бұлақты ауылдарына көгілдір отын жеткізу мақсатында ауыспалы кезеңмен жұмыстар басталды. Жобаны жүзеге асырушы мердігер ұйым – "Алихан-Ойл" ЖШС.
Сонымен қатар биыл Қожасай ауылына да газ жүйесін жүргізужұмыстары басталып (жоба құны – 1,8 млрд тг. "ҚазТрансГаз" АҚ инвестициялық жобасы), келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Биыл ауданымыздағы Саға, Көтібар, Құмжарған ауылдарын орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Алдағы жылдары бұл елді мекендердің тұрғындары да таза ауызсуға қол жеткізеді, - дейді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов.
Ал Алға ауданында 28 елді мекен ауызсумен қамтылса, 25 ауылға көгілдір отын тартылған. Биыл аудандағы Тікқайың, Көктоғай ауылдарына су құбыры тартылып жатса, Жерұйық ауылына газ құбырын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба құны – 1 200 млн теңге. Ал Ерназар, Ақсазды, Қызылту, Құмсай ауылдары халық саны аз болуына байланысты газбен қамтылмай отыр.
P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ауылдарды 100% таза ауызсумен қамтуды тапсырған болатын. Осыған байланысты қазіргі таңда Ақтөбе облысында халықты ауызсумен қамту мәселесі басты назарда тұр. Дегенмен елді мекендерде қолға алынған бірқатар жоба түрлі себептерге байланысты уақытылы жүзеге асырылмай жатыр. Келер жылы ауылдар түгел таза сумен қамтылса, халықтың қуанышында шек болмасы анық. Ал облыс халқын түгел газбен қамту – бұл уақыттың еншісінде...