Ақтөбе облысында сайлауда 517 учаске жұмыс істейді

2 Қараша 2022, 17:53
1270
Бөлісу:
Ақтөбе облысында сайлауда 517 учаске жұмыс істейді

Ақтөбе облысында биылғы сайлау науқанында 517 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 162-сі облыс орталығында болса, 355-і аудандарда орналасқан, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, бүгінде облыста 14 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс жасап жатыр. Бұл сайлау комиссияларында 3575 мүше бар. Олар бес саяси партиядан, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардан ұсынылған. Ал өңірде жалпы саны 560 819 сайлаушы бар. 

Ақтөбе облысында 30 қазаннан бастап барлық сайлау комиссиялары толық құрамда өз жұмысына кірісті. Қазір комиссия мүшелері тиісті әкімдердің қолы қойылып, мөрі басылған әр сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімін алып, сол тізім бойынша үйлерді аралап жұмыс жасап жатыр. Және шақыру билеттерін де таратып жатырмыз. Онда сайлау учаскелерінің орналасқан жері мен дауыс беру уақыты көрсетілген. Көпқабатты тұрғын үйдердің подъездеріне А3 форматтағы шақыру қағаздары да жапсырылып жатыр. Сондай-ақ облыстық, аудандық басылым беттерінде сайлаудың өтетін күні, учаскелердің мекенжайлары туралы да ақпараттар жариялануда. Бұдан бөлек, дәл осындай ақпараттар облыстағы 14 аумақтық сайлау комиссиясының сайттарында беріліп жатыр, — дейді Н.Жүсіпов.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, Ақтөбе облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен қазір өңірде сайлаушылар үшін телеграм-бот каналдары жұмыс жасайды. Кез келген тұрғын осы каналдарға өзінің ЖСН нөмірін енгізіп, қай сайлау учаскесіне бекітілгенін біле алады. Сонымен қатар облыстағы 517 сайлау учаскесінің 201-інде дауыс берушілердің тізімдерін тексеру бойынша онлайн-сервистер жұмыс істеп тұр. 

Сайлау күні Ақтөбе қаласындағы бес сайлау учаскесінде мобильдік халыққа қызмет орталығының жұмысы ұйымдастырылады. Бұл учаскелерде еш жерде тұрақты тіркеуге тұрмаған азаматтар келіп, үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес сол орталыққа тіркеліп, дауыс беру мүмкіндігі ие болады. Біз қазір бұл бағытта да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді ол. 

Қазір Ақтөбе облысында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ұзақ мерзімге келген байқаушылары жұмыстанып жатыр. Олар облыс орталығында және аудандарда өтіп жатқан оқыту тренингтеріне қатысуда. Тәуелсіз байқаушылар Чехия және Литва елдерінен келіпті. Ал республикалық деңгейдегі байқаушылар өңірге сайлау күні жақындаған кезде келеді.

Біз саяси науқан аясында Ақтөбеде Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың жұмысымен таныстық. 
Облыстық штабта қазір 64 адам жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ Қ.Тоқаев халықтық коалиция атынан ұсынылғаннан кейін қоғамдық штабтардың құрамында «Ақ жол» партиясының,  Қазақстанның халықтық партиясы және азаматтық ұйым өкілдерінен 26 адам үгіт шараларына штаб мүшесі ретінде қатысуда.

Облыста сайлау учаскелерінде партия атынан сенімді өкіл ретінде 1509 адамның тізімі жасақталып, аумақтық сайлау комиссияларына тіркелді. Бұл азаматтар сайлау учаскелерінде сайлау күні коалициядан ұсынылған кандидатымыздың мүддесін қорғайды. Сайлау науқаны кезінде біздің штабтың бастамасымен өңірде 2733 іс-шара ұйымдастырылады, — дейді облыстық қоғамдық штабтың басшысы Ербол Данағұлов.

Өзгелердің жаңалығы