Ақтөбе облысында қатерлі ісікпен ауыратындардың саны артқан

20 Қыркүйек 2024, 18:36
323
Бөлісу:
Ақтөбе облысында қатерлі ісікпен ауыратындардың саны артқан
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе облысында қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 4,5 пайызға артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевтің айтуынша, бүгінде өңірде 40 стационар (оның 22-сі — мемлекеттік, 2-еуі — ведомстволық және 16-сы — жеке меншік), 439 амбулаториялық-емханалық ұйым (оның 310-ы — мемлекеттік, 10-ы – ведомстволық және 119–ы — жеке меншік) медициналық көмек көрсетеді. Жалпы облыста барлығы 678 дәрігерлік учаске бар. Оның 119-ы — педиатриялық, 552-сі — жалпы тәжірибелік, 7-еуі — терапиялық көмек көрсететін учаске.

Бір ұйымға орташа есеппен 1652 адам тіркелген. Аталған медициналық ұйымдарда жалпы саны 4545 дәрігер бар. Оның ішінде 4107-сі қалада, 438-і ауылда жұмыс істейді.

10 мыңға жуық әйел қатерлі ісікке шалдыққан

Қазіргі таңда облыста жүрек-қан тамырлар аурулары мен қант диабетіне, қатерлі ісік ауруларына тұрғындар арасында скринингтік тексерулер өткізіліп жатыр.

Биыл жыл басынан бері өңірде сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обырын анықтау бойынша жоспарға сәйкес үш қатерлі ісік скринингі жүргізілді. Нәтижесінде сүт безі обырына шалдыққан 2094 әйел анықталды, оның 9-ы — бірінші сатыдағы науқастар. Сол сияқты жатыр мойны обырына шалдыққан 7453 әйел анықталды, оның 8-і — аурудың бірінші сатысындағылар. Ал тоқ ішек обырымен 458 науқас анықталып отыр. Оның үшеуі — бірінші сатыдағы науқастар, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспары бойынша биыл бірінші жартыжылдықта қатерлі ісіктерден болатын өлімнің көбеюі және онкологиялық науқастардың 5 жылдық өмір сүру деңгейін ұзарту индикаторлары орындалған. Соның негізінде биылға жоспарланған әйел адамдардың сүт безі қатерлі ісігіне тексеруді қамту 91,0 пайызға жетсе, жатыр мойны обырын қамту үлесі — 60,9 пайыз.

Сонымен қатар биыл жыл басынан бері сүт безі қатерлі ісігіне тексеруді қамту — 48,5, тік ішек обырына тексерумен қамту көрсеткіші 66 пайызға жетті. Онкоскринингтерді уақытылы өткізу нәтижесінде қатерлі ісіктерді ерте сатыда анықтау төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктер саны өскенмен, науқастарды ерте сатыда анықтау 5,9 пайызға төмендеп отыр. Өкініштісі, 3-4-сатыдағы қатерлі ісіктер саны 13,8 пайызға көбейді. Қатерлі ісікпен 5 жыл және одан да көп өмір сүретін науқастардың үлесі 55,4 пайызға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артық. Жалпы бүгінде облыс бойынша қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 51,0 құраса, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға жоғарылап отыр, — дейді Нұрбол Тымпиев.

Туберкулезбен ауыратындар үлесі 16,7 пайызға азайған

Биыл Ақтөбе облысында қатерлі ісік ауруларының үлесі артқанмен, туберкулезбен ауыратындардың саны азайған. Мәселен, облыс бойынша І жартыжылдықта туберкулез ауруынан болатын өлім көрсеткіші төмендеген. Атап айтсақ, биылғы көрсеткіш 1,0 болса, былтырғы көрсеткіш – 1,2. Яғни науқастар саны 16,7 пайызға азайған.

Туберкулездің алдын алу мақсатында жыл сайын облысымызда профилактикалық шаралар жүргізіліп, тұрғындар флюорографиялық тексерістен өтеді. Жыл өткен сайын Ақтөбе облысында туберкулезбен ауыратындар саны азайып, биыл аурушандық 100 мың тұрғынға шаққанда 19,8 көрсеткішті құрап отыр. Яғни науқастар үлесі 1,0 көрсеткішке төмен болды, — дейді облыстың бас дәрігері.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы елді мекендерде 12 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Аталған кешендер консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған барлық қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған.

Жыл басынан бері облыста 48 400 науқасты медициналық тексерумен қамту жоспарланып, кешендер 9 ауданға 49 шығу жасаған. Нәтижесінде 20 мыңнан астам адам қаралып, 22 мыңнан астам науқас диагностикалық қызметтерге жүгінген.

Тексерулер нәтижесінде барлығы 2398 науқаста аурулар анықталып, 322 науқас диспансерлік мекемелерге жіберілді, — дейді Нұрбол Тымпиев.

Өңірде мамандар тапшы

Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, бүгінде өңірге 215 дәрігер керек. Мамандар тапшылығы Ақтөбе қаласындағы облыстық перинаталдық орталығында, облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында, Қарғалы қалалық ауруханасында, облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясында, №2 қалалық емханада бар. Сондай-ақ облыстың Алға, Хромтау, Мұғалжар, Шалқар, Қобда, Байғанин, Темір аудандарында да ақ халаттылар тапшы.

Тапшылық, негізінен, тар бейінді, атап айтқанда, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, аллерголог, хирург, шұғыл медицина дәрігері, рентгенолог, инфекционист және тағы басқа да мамандарға болып отыр. Қазіргі таңда бейінді дәрігерлердің тапшылығы кадрлардың жас құрылымы да, зейнеткерлік жастағы жұмыс істейтін дәрігерлердің үлесі де, ішкі көші-қон және медицинаның жеке саласына күтім жасау себептері болып табылатын халықтың өсуі есебінен жоғары технологиялық медициналық көмек пен мамандандырылған медициналық көмекке қажеттіліктің артуы салдарынан консультациялық-диагностикалық қызметтер спектрінің кеңеюімен байланысты, — дейді басқарма басшысы.

Ақтөбе облысында кадрлар мәселесін шешу үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде «Дипломмен — ауылға» көтерме жәрдемақы төлеу, сондай-ақ жылдық 0,01 пайыз мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесі бойынша он бес жылға дейінгі мерзімге 1500 айлық есептік көрсеткіш немесе 4 375 500 теңгеден аспайтын сомада тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау шараларын рәсімдеу мүмкіндігі көзделген.

Былтыр республикалық бюджет комиссиясының хаттамасы негізінде Ақтөбе облысы әкімінің арнайы қаулысымен 14 аса тапшы медициналық мамандықтың тізімі бекітілген. Олардың қатарында «Педиатрия», «Акушерия және гинекология», «Неонатология», «Жалпы хирургия», «Жалпы дәрігерлік практика», «Физикалық медицина және оңалту»,

« Терапия», «Онкология», «Анестезиология және реаниматология», «Неврология», «Кардиология», «Радиология», «Офтальмология», «Оториноларингология» мамандықтары бар.

Биыл жаңа оқу жылына қажетті клиникалық мамандықтар бойынша студенттерге резидентурада оқуға 49 грант бөлінді. Бұл гранттар өңірдің еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып бөлінеді, — дейді Нұрбол Тымпиев.

Оның айтуынша, өткен жылы облыста барлығы 82 дәрігер жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 50 маман 3 млн. теңгеден көтерме төлемақы алыпты. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерге келген мамандарға қолдау ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 2000-нан 2500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы берілген.

Ал биылдан бастап өңірде жергілікті бюджеттен аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлері үшін 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде қаражат бөлінетін болады.

Нұрада медпункт неге салынбады?

Соңғы жылдары Ақтөбе облысында медициналық мекемелер бой көтеруде. Тіпті, шалғайдағы шағын ауылдарда жаңадан заман талабына сай медициналық пунктер салынып жатыр. Бұл орайда биыл Ақтөбе облысында 24 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Бұл мақсатқа 3,3 млрд.теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 21 нысан (құны — 2,7 млрд.теңге) «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында салынуда.

Биыл облыстағы 21 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Атап айтсақ, Алға ауданында - 3, Байғанин ауданында – 1, Ырғыз ауданында — 2, Мәртөк ауданында – 3, Мұғалжар ауданында — 6, Темір ауданында — 2, Шалқар ауданында 3 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде Үкіметтің резервінен 2,2 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 551,5 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ 14 жоба бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге 549,1 миллион теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта Ұлттық жобаны іске асыруда бірқатар проблема туындап отыр. Мәселен, Ырғыз ауданы Нұра ауылы сәуір айында Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалды. Елді мекенде 112 үйдің 100-і суда қалса, бір бөлігі қирады. Қазіргі уақытта елді мекен тұрғындары Сарыоба елді мекеніне көшірілді. Негізі жоспарға сәйкес Нұра ауылында биыл құны 353,4 миллион теңге болатын 30 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған болатын, — дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында 2025-2030 жылдары тұрғындарға медициналық қызмет көрсету және алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсетуде сапаны жақсарту мақсатында қосымша 97 денсаулық сақтау нысанын салу қажет.

Сондай-ақ биыл Ақтөбе облысында жалпы құны 1,3 млрд. теңгеге 10 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. 7 айдың қорытындысы бойынша қаржыны игеру үлесі 38,7 пайызға жетіп отыр. Демек алдағы айларда жасалатын жұмыс жетерлік. Атап өтсек, биыл Ақтөбе қаласындағы №1, №2 емханалар мен Ақтөбе медициналық орталығына, М.Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжіне, Хромтау аудандық ауруханасына, Алға аудандық ауруханасына, Әйтеке би аудандық ауруханасына, Ырғыз аудандық ауруханасына қарасты Қызылжар дәрігерлік амбулаториясына жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұдан бөлек, бүгінде Алға аудандық ауруханасының шаруашылық корпусын, Алға ауданы Талдысай ауылдық медпунктінің ғимаратын және Ойыл ауданы Ақшатау ауылдық медпунктінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Облыстағы ғимараттардың пайдалану көрсеткіштерін жақсарту және санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкестігі үшін, сондай-ақ халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру үшін 2025-2030 жылдар аралығында болжаммен 42 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, — дейді облыстың бас дәрігері.

Облыстағы жабдықтардың 45,5 пайызы тозған

Сонымен қатар биыл Ақтөбе облысында медициналық ұйымдарды қажетті техникамен жарақтандыру мақсатында 123 құрал-жабдық сатып алуға бюджеттен 4,2 млрд.теңге бөлініпті. Бұл қаржыға №7 қалалық емханасына, Алға Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Шалқар және Ойыл аудандық ауруханаларына 8 рентгендік-маммографиялық аппарат, №4 қалалық емханаға, Алға, Байғанин, Шалқар аудандарына 4 рентгендік- флюрографиялық аппарат, көпсалалы облыстық балалар ауруханасына МРТ жабдығы, 5 өкпені жасанды желдету аппараты, 1 С-доға аппараты, УДЗ аппараты, облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа бейнеэндоскоп, т.б. алынуы қажет.

Сондай-ақ биыл біздің басқармаға облысқа 21 санитарлық автотранспорт сатып алу үшін 295,4 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Бұл қаржыға Темір, Мәртөк, Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар аудандарына, Ақтөбе қаласындағы №1 және №2 қалалық емханаға, көпсалалы қалалық балалар ауруханасына, көпсалалы облыстық балалар ауруханасына медициналық көліктер алынады. Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарында 472 автотранспорт бар. Алдағы уақытта азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық қағидатқа сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуде облыс бойынша болжаммен тағы да 15 санитариялық автокөлікпен жарақтандыру қажеттілігі бар, — дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев.

Айта кету керек, бүгінде облыста ана мен бала өлімін азайту үшін медициналық мекемелерді медициналық жабдықпен қамтуда тапшылық бар. Атап айтсақ, медициналық құрал-жабдықтар Қобда, Ырғыз, Темір, Шалқар, Мәртөк, Қарғалы, Мұғалжар, Хромтау

аудандық ауруханаларында, сондай-ақ облыстық перинаталдық орталықта, көпсалалы облыстық ауруханада тапшы. Бұдан бөлек, 13 аудандық ауруханаға операциялық және реанимациялық палаталарды оттегімен қамтамасыз ету үшін оттегі станциясы қажет.

Жалпы, Ақтөбе облысында емханалар мен ауруханаларды медициналық техникамен жарақтандыру үлесі 77,05 пайыз болса, олардағы жабдықтардың тозу көрсеткіші — 45,5 пайыз.

Өзгелердің жаңалығы