Ақтөбе облысында қант тапшылығы байқалады

14 Маусым 2022, 20:55
1522
Бөлісу:
Ақтөбе облысында қант тапшылығы байқалады
Фото: автордан

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында сауда желілерінде қант сатуға шектеу қойылды. Қазір облыс орталығындағы дүкендерде ең арзан қанттың бағасы - 441 теңге.

Облыс орталығындағы «Анвар», «Дина» сауда желілеріне кешкі сағат 17.00-ден кейін барсаңыз, қант таппайсыз. Себебі мұнда қант сатуға шектеу қойылған.

Қантты таңертең 10-дарға таман ғана шығарамыз. Басшылықтан сондай тапсырма келді. Күніне 5-6 сағаттың ішінде бірнеше тонна қант сатылып кетеді. Бұл біздің бір ғана гипермаркетте. Ал біздің «Анвар» сауда желісінің қаланың ішінде 20-дан астам супермаркеті бар. Тұрғындар көп, сұраныс жоғары. Қазір бір адамға 3 келі ғана қант сатылады. Одан артық алсаңыз, касса ұстап қалады. Мұнда келушілер көп. Себебі қалада ең арзан баға бізде, — дейді «Анвар» сауда желісінің қоймашысы.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрым Әбдікәрім «Анварға» қант үшін келіпті. Оның айтуынша, ең тиімді баға осы жерде ғана. Мысалы, халық көп баратын қаладағы Орталық базарда қант бағасы 600-650 теңге тұрады.

Осы айда зейнетақымыз өсті деп қуанып едік. Онымен азық-түлік те, дәрі-дәрмек те қымбаттап кетті. Бір келі қант — 450, бір литр сұйық май — 900 теңге. Ал есептей беріңіз, бір зейнеткердің ақшасы бір өзінен ауыспайды. Менің қолымда балам келінімен, оның үш баласы бар. Біз тек азық-түлікке кем дегенде айына 150-200 тың теңге жұмсаймыз. Коммуналдық қызметтің бағасы да қымбаттап жатыр шілде айынан бастап. Осы бағаны «құрықтайтын» ешкім жоқ па? — деп шағымданды қария. 

Зейнеткер айына 89 мың теңге зейнетақы алады екен. Ол зейнетақысының 37 мың теңгесін несиеге төлейтінін айтады. 

Ақтөбе облысында қант тапшылығы байқалады

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев өңірде қант қоры жеткілікті екенін алға тартады. 

Өңірдегі қант жеткізуші компания Үндістанмен келісімшарт жасасты. Алдағы уақытта қаламызға 2 мың тоннадай қант әкелінеді. Қазір оның бес жүз тоннасы жолда келе жатыр. Сонымен қатар Беларусь елінен де 500 тонна қант жеткізіледі. Ал бағасына келгенде нақты ештеңе айта алмаймыз, баға жоғарылауы да мүмкін, — деді ол.

Жуырда ғана Алматы облысында қант өндіретін «Ақсу қант» компаниясының директоры Қайрат Оразбеков ай сайын еліміздегі тұрғындар 50 мың тонна қант тұтынатынын айтқан болатын. Ол биыл қыркүйек айынан бастап зауыт қуаттылығы 30 мың тоннаға артатынын жеткізген. Алайда бұл барша қазақстандықтарды қамти алмайды. Мұны естіген тұрғындар әлеуметтік желілерде «отандық өндірісті күшейтуге, дамытуға неге мемлекет күш салмайды?» деп, наразылық білдіріп жатыр.

Қазір қай дүкенге барсаң да халықтың әңгімесі — қант. Көпшілік, тіпті, әбігерге түсіп, үйлеріне қант тасып жатыр. Себебі баға күн сайын қымбаттап барады. Бір жағынан жазда адамдар тосап жауып, тәттілер пісіреді, жалпы сұраныс көп болады. Осы мәселенің алдын алу үшін жергілікті органдар неге ертерек қамданбайды? Қант тонналап келіп жатыр деп естиміз, бірақ оны сатуға шектеу қойылған, бір жағынан түсіп жатқан баға да жоқ. Мен үйден кейде тәттілер пісіріп сататын едім. Қазір қант бағасы өскен соң пісірмейтін болдым. Жалпы жағдай қиын болып барады, — дейді ақтөбелік Ақзира Елдесқызы.

Көпбалалы ана қайда барсаң да қымбатшылықтың «қысып» тұрғанын айтады. 

Айына балаларға берілетін жәрдемақы да ештеңе жетпейді, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы