Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр

20 Ақпан 2024, 07:35
461
Бөлісу:
Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов атқарылған іс-шараларды айтып, су тасқыны кезеңінде қауіп-қатердің пайда болуының бірнеше жүйелі себептеріне тоқталды.

Облыс аумағында су тасқынына қарсы тиісті жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, бірқатар ауданда еріген қар суының жолдарды шаюы, жол үстімен ағуы деректері тіркеліп отыр. Себеп су өткізу құрылғылары бетондалмай орнатылады, нәтижесінде сумен шайылып кетеді. Біз жыл сайынғы проблемларға қайта оралмас үшін су тасқыны кезеңінде қауіп-қатердің пайда болуының бірнеше жүйелі себептеріне жол бермеуіміз және оларды жоюымыз керек. Ол қар шығару жұмыстарын күшейту, жолдарды салу кезінде еріген қар суын бұру жүйелерін, инфрақұрылымдарды қарастыру қажет, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын алдын ала әзірлемей, еріген сулардың табиғи ағатын жерлерінде тұрғын үй алаптарын салуға жер учаскелерін бөлуді тоқтатып, су қорғау белдеулері мен аймақтарының құрылысына жол бермеу керек, - деді ол.

Облыста наурыз айында ауа температурасы 2°С-қа дейін көтеріледі деген болжам бар. Сондай-ақ наурыз айының бірінші және екінші онкүндігінде жаңбыр жауады. Айбат Жаңабергенов ауа райының болжамына байланысты жергілікті атқарушы органдар қазірден бастап қызу қарқынды жұмыстар жүргізуі керектігін жеткізді. Су тасқынының алдын алуда, ең алдымен, қала аумағында және аудандарда қар шығару жұмыстарын күшейту керек. Әйтпесе, былтырғыдай бірқатар аудан мен қаланың шеткі аумағы суға кетуі мүмкін.

Өткен жолы сіздерге ескерттім, тағы да ескертемін. Қала аумағын ақпан айының соңына дейін қардан тазарту керек. Ал аудандарда арықтар мен арналарды тазартып, қар суының елді мекендерге жайылмауы үшін тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Уақытты текке өткізбей, әкімдіктер төтенше жағдай департаменті мамандарымен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдаңыздар, - деп атап өтті әкім. 

Сондай-ақ ол қала әкімі Азамат Бекетке Құрмыш, Мәскеу, Сазды, Сүт зауыты, Тұрғындар қалашығы аудандарындағы қардан тазарту жұмыстарын жеке бақылауына алуды, Байғанин, Ойыл, Қобда, Мұғалжар аудандарының әкімдеріне су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Өңір басшысы өткен аптада, Ақтөбе қаласын аралау кезінде қар шығару үшін қосымша полигон қарастыру туралы жауаптыларға тапсырма берген-ді. Төтенше жағдайлар департаменті "Ақшат" тұрғын алабы ауданын ұсынып отыр. 

Айта кетейік, қар қоқыс полигоны ауданы және 41-42 разъезд аралығында орналасқан 2 полигонға шығарылады.

Өткен аппараттық мәжілісте су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық, жылыту маусымы мен бюджет қаражаты есебінен салынған нысандарды коммуналдық меншікке қабылдау және тағы басқа маңызды мәселелер қаралды. Осы мәселелерді қала және аудан әкімдеріне бақылауда ұстауды тапсырғанмын. Алайда аталған мәселелерді шешуде әлі нәтиже жоқ екенін көріп отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта өзекті мәселелерді шеше алмаған, тиянақты жұмыс жасамаған аудан әкімдері мен басқарма басшыларына шара қолданамыз, - деді өңір басшысы.

Өзгелердің жаңалығы