Ақтөбе облысында интернетсіз отырған 68 ауыл бар

20 Ақпан 2023, 18:12
1189
Бөлісу:
Ақтөбе облысында интернетсіз отырған 68 ауыл бар
Фото: semeytany.kz.

Ақтөбе облысында 315 ауыл бар болса, бүгінде соның 68-і мүлдем интернетпен қамтылмаған , деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, аталған 315 елді мекеннің 146-сы мобильді және үй интернетімен қамтылса, 75 ауылда тек мобильді интернет бар. Ал 34 елді мекен тек үй интернетіне қосылған. Сонымен өңірде бүгінге дейін интернет жүргізілмеген 68 ауыл бар.

68 ауылдың 35-інде 100-ден астам тұрғын тұрады. Сондықтан бұл елді мекендерге интернетке қосылу қызметтерін ұсынған жөн. Жалпы облысымызда бүгінде 323 елді мекеннің 221-і немесе 68,4 пайызы мобильді интернетпен қамтамасыз етіліп отыр.  

2021-2022 жылдар аралығында аудан әкімдіктері инфрақұрылым құрылысына 530 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. 19 мың  халқы бар 102 ауылдық елді мекен

интернетпен қамтылмаған.  Жергілікті операторлардың арқасында ұялы байланыс жоқ 34 елді мекенге тұрақты үй интернеті жүргізілді. Биыл лицензиялық міндеттемелер шеңберінде облыстағы 5 мыңнан астам тұрғыны 25 ауылдық елді мекенге базалық станцияларды орнату жоспарлануда, — дейді Әсет Отарбаев.

Оның айтуынша, биыл облыстағы 100-ден астам тұрғыны бар 46 ауылға интернеттің мобильді кең жолақты желісін тарту жоспарлануда. Сондай-ақ 42 ауылдық елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлінбек.

Қазір облыстағы төрт ауылға инфрақұрылым жүргізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Атап айтсақ, Байғанин ауданындағы Миялы, Дияр, Оймауыт  және Ырғыз ауданындағы Жайсаңбай ауылы. Бұл ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін қосымша 800 миллион теңге қаржы қажет. Сонымен қатар биыл үй интернетімен қамтылмаған 143 ауылдық елді мекеннің 104-інің мәселесін шешу жоспарланып отыр, — дейді басқарма басшысы.

Бүгінде еліміз бойынша ауыл-аймақтарды интернетпен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Осы орайда жуырда өңірге іссапармен келген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биыл облыста талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізуді талап етпейтін 42 ауылға интернет тартылу керектігін айтқан болған.

Министр биыл Ақтөбе облысында 25 ауылды кең жолақты интернетпен қамту жоспарланып отырғанын, егер бұл тізімге тағы 42 ауыл қосылса, жыл соңына дейін облыс бойынша 67 елді мекен сапалы интернетпен қамтылатынын тілге тиек етті. Жоғарыдағы көрсеткіштерге үңілсек, облыстағы ауылдардың көбі қазір кең жолақты интернетпен қамтылмай отыр. Дегенмен жыл аяғына дейін 70-ке жуық елді мекенге интернет желісі тартылса, бұл да жағымды жаңалық болмақ.

Өзгелердің жаңалығы