Ақтөбе облысында егін егу жұмыстары аяқталуға жақын

8 Маусым 2022, 18:18
3498
Бөлісу:
Ақтөбе облысында егін егу жұмыстары аяқталуға жақын

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде мамыр айы жауын-шашынды болды. Соның салдарынан шаруалар жерге дән себе алмай, біраз әбігерге түсті. 

Дегенмен маусым басталғалы табиғат-ана оң қабақ танытып тұр. Осы кезеңді пайдаланып, қазір ақтөбелік шаруалар егін егуге барын салып жатыр.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, қазіргі таңда өңірде егін егу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде шаруашылық құрылымдары тәулігіне 32 мың гектарға дейін егін егіп жатыр.

Биылғы мамыр айының екінші және үшінші онкүндігінде Ақтөбе облысына орташа есеппен 2,5 есе мөлшерден артық жауын-шашын түсті. Соның салдарынан егін егу жұмыстарының қарқыны баяулады. 

Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында егін шаруашылығына субсидия төлеуге жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Атап айтсақ, бұл қаржының 480 миллион теңгесі мал азығын егуге тұқым алғандарға берілсе, 452 миллион теңгесі минералды пестицидтерді, ал 323 миллион теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға қарастырылған. Жалпы биыл субсидия мал азығын еккен шаруаларға 40 пайыз, элиталық тұқым алғандарға 30 пайыз мөлшерінде төленеді. Былтыр мал азығын дайындауда көптеген қиыншылықтар болғаны белгілі. Биыл соның алдын алу үшін шаруалар қарқынды жұмыстанып жатыр. Оларға қолайлы бағаға отын алуға, субсиия алуға өңірде барлық жағдай жасалады, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, былтырғы қуаңшылықтың азабын тартқан шаруалар биыл мал азығын егуде ерекше белсенділік танытып жатыр. Оларды қолдау мақсатында биыл мемлекеттен бір литрі 184 теңгеге (нарықтағы ең арзан баға-авт.) 9,6 мың тонна дизель бөлінген. 

Бұл жанармай облыстағы 500 шаруашылыққа 25 пайызға дейін жеңілдікпен берілген. 

«Агробизнес» бағдарламасы арқылы биыл жоспардан да артық егін еккісі келген азаматтар бар. Қазір біз облыстағы әр шаруамен жұмыс жасап жатырмыз. Биылғы егін егу жұмыстары ойдағыдай аяқталса деген тілегіміз бар. Мұның бәрі — еңбек, ал оның нәтижесі — сапалы өнім, — дейді И.Еспағанбетов.

Соңғы екі жылда Ақтөбе облысы республикада ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша алғашқы орында тұр. Оның ішінде мал шаруашылығын қаржыландыру бойынша биыл бірінші орынға көтерілді. Нақтырақ айтсақ, былтыр облыста мал шаруашылығы саласына 14 миллиард теңге субсидия бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 16,5 миллиард теңгеге жетті. 

Осыдан екі жыл бұрын мал шаруашылығы саласы бойынша шаруа қожалықтарының мал азығын дайындау кезіндегі шығындарын өтеуге облыс республикада бірінші болып субсидия берді. Қазір біздің облысымыз осы саланы қаржыландыру бойынша алғашқы орында тұр. Былтыр жем-шөпке 7 миллиард теңге бөлінсе, биыл 8,7 миллиард теңге қарастырылды, — дейді басқарма басшысы. 

Ал Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, былтыр мал шаруашылығы саласындағы өнімнің көлемі 2,6%-ға артқан.

Былтыр облыста мал саны айтарлықтай артты. Мәселен, ірі қара 110,7 пайызға (588,5 мың бас), қой мен ешкі 105,8 пайызға (1 220,2 мың бас), жылқы 125,4 пайызға (220,4 мың бас), ал құс саны 1 370,3 мыңға, яғни, 107,7 пайызға көбейді. Соның нәтижесінде облыстағы ет өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 101,6 пайызға жетті. Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылы 16 500 бас ірі қара, 30,0 мың бас қой сатып алу жоспарланып, нәтижесінде қаржы институттары арқылы 17 371 бас ірі қара малының аналығы және 32 883 бас қой аналығын сатып алуға несие берілді. Бірқатар шаруашылықтар өз қаржыларына аналық бас мал сатып алды. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Мемлекеттік қолдау аясында биыл облыстық бюджеттен 12,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы