Ақтөбе облысында балық өсіретін суқоймалар саны 70-тен асуы мүмкін

Қазіргі таңда облыстағы 50 суқоймада тауарлы балық өсіріледі.

 magnific.com Кеше 2026, 23:55
Кеше 2026, 23:55
211
Фото: magnific.com

Ақтөбе облысында балық шаруашылығын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл өңірде тауарлы балық өсіруге арналған қосымша 20 суқойма бекітілді. Инвесторлар тартылған жағдайда, жергілікті нарықты балық өнімдерімен қамтамасыз ететін өзен-көлдердің саны 70-тен асады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, соңғы жылдары өңір кәсіпкерлері тұқы, бекіре, хан балық және африка жайынын өсіру технологияларын меңгеріп, саланың әлеуетін арттыруда.

Бекіре өсірумен айналысатын шаруашылықтардың бірі бүгінде өз аналық балықтарынан уылдырық алып отыр. Биыл мұнда 200 мың шабақ өсіру жоспарланған. Оның жартысы Қарғалы ауданындағы көлшіктерге жіберілсе, қалғаны Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы шаруашылықтарға жеткізіледі.

Шаруашылық мамандарының айтуынша, бұрын тек сібір бекіресінен уылдырық алынған болса, биылдан бастап орыс бекіресін өсіру де қолға алынған. Осыған байланысты өндірісті кеңейтіп, қосымша 10 тонналық цех ашу жоспарлануда.

Қарғалы өзені бойындағы тағы бір шаруашылық хан балығын өсірумен айналысады. Төрт жыл бұрын ашылған кәсіпорын «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 миллион теңге несие алып, өткен жылы 15 тонна тауарлы балық өндірген. Сонымен қатар мұнда экотуризм бағыты да дамып келеді.

Қазіргі таңда облыстағы 50 суқоймада тауарлы балық өсіріледі. Өткен жылы нарыққа 721 тонна өнім шығарылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 100 тоннаға артты.

Саланы дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге бөлінді. Балық шаруашылығы субъектілеріне жем сатып алуға 30 пайыз, ал балық отырғызу материалдарына, биологиялық негіздемелер мен дәрі-дәрмек алуға 50 пайыз көлемінде субсидия қарастырылған.

Өңір билігі 2030 жылға қарай балық өнімдері өндірісін 10 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Наверх