Ақтөбе облысында ажырасу неге көп?

19 Мамыр 2023, 15:50
1184
Бөлісу:
Ақтөбе облысында ажырасу неге көп?
Фото: Артём Чурсинов

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 800-ден астам ерлі-зайыпты ажырасу үшін сотқа арыз-шағым түсірген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық сот мамандарының айтуынша, биылғы 4 ай ішінде құзырлы органға 865 арыз-шағым келіп түскен. Оның ішінде 588 іс қанағаттандырылса, 62-сі белгілі себептермен тоқтатылған.

Ал өткен жылы сотқа жалпы саны 3052 арыз келіп түскен. Оның ішінде 878 іс медиацияның және ерлі-зайыптылардың өзара татуласуы арқасында тоқтатылса, 1744-і сот тарапынан қанағаттандырылған.

Өкінішке қарай, соңғы кезде елімізде ажырасу деректері көбейіп барады. Әсіресе, көп бала өсіріп, тәрбиелеп отырған отбасылар мен жасы ортаға келген ерлі-зайыптылар арасында мұндай жағдайлар жиі тіркелуде.

Ақтөбе қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мамандарының айтуынша, азаматтардың дені әлеуметтік жағдайдың жоқтығынан, ерлі-зайыптылардың өзара мінез-құлқының үйлеспеуінен, сондай-ақ ағайын-туыстардың араласуынан некесін бұзуға арызданатын көрінеді. Бұдан бөлек, ер адамдардың жұмыссыздығы, маскүнемдігі, құмар ойынға тәуелділігі мен отбасындағы зорлық-зомбылық та ажырасуға басты себеп болып отыр.

Деректерге сүйенсек, биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде 1103 жұп неке қидырса, 189 отбасы ажырасуға арыз берген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл аталған бөлімге арыз жазғандардың саны едәуір көбейген. Мәселен, былтыр 1096 жұп некесін қидырса, 186 жұп ажырасқан.

Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының және қалалық №3 соттың медиаторы, тәжірибелі педагог Бибігүл Әбілдаеваның айтуынша, қазір жастар арасында ажырасудың көбі өзара түсініспеушіліктен және туыстардың жас отбасылардың тірлігіне араласуынан болып отыр. Әсіресе, ата-енемен, жігіттің туыстарымен бірге тұратын әйелдер тарапынан сотқа арыз түсіретіндер көп екен. Сондай-ақ соңғы екі-үш жылда күйеуінің көзіне шөп салатын келіншектер саны да көбейген.

Ақтөбе қалалық №3 сотта медиатор болып қызмет етемін. Сондай-ақ 2019 жылдан бері «Анаға тағзым» орталығында осындай өмірлік қиын жағдайларға тап болған ерлі-зайыптылармен жұмыс жүргіземін. Қазір сотқа арыз берген ерлі-зайыптыларды көп жағдайда мамандар бізге жібереді. Біз олармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың некесін сақтап қалуына барымызды саламыз. Соның нәтижесінде сотқа арызданған отбасылардың көбі осы «қадамнан» бас тартып жатады. Бұл жерде, әсіресе, жас отбасыларды жан-жақты тәрбиелесе, олардың бір-бірімен түсінісіп кетуіне сенім мол, — дейді ол.

Бибігүл Әбілдаева бастаған орталық мамандары 2019 жылы 6 айда 380 отбасының қайта қосылуына дәнекер болса, 2020 жылы мыңға жуық отбасын татуластырған. Ал 2021 жылы 760 отбасы сотқа арызданса, соның 695-і медиаторлардың көмегімен қайта қосылған.

Қазіргі таңда сотқа 20 отбасы ажырасуға арыз берсе, біз соның кемінде 16-сын қайта қосамыз. Біз оларды орталыққа шақырып, әрқайсысымен жеке сөйлесіп, жағдайдың мән-жайын білеміз. Психологтармен әңгімелестіріп, ажырасудың себебімен күресеміз. Өкінішке қарай, өңірде өткен жылдан бері қарай отбасында әйелдердің жүріс жүруі көбейген. Себебі әйел адамдар әлеуметтік желілерден неше түрлі дүниелерді көріп, өзінен кіші жігіттермен көңіл қосуға, «махаббат жасқа қарамайды» деген желеумен сырттан серік іздеуге үйреніп барады. Олар әр түрлі сылтаумен отбасын сақтауға атсалыспайтынын көріп отырмыз. Біздің көмегімізге жүгінген ерлі-зайыптылардың көбі бір-бірімен сырласпайды, мәселені ортақ шешім арқылы шешуге әрекеттенбейді. Біз олармен жан-жақты жұмыс жүргізген соң олардың көбі қайта қосылуға ниет танытып жатады. Нақтырақ айтсақ, мысалы, сотқа бір жыл ішінде мың отбасынан арыз түссе, біз олардың кемінде 800-ін қосамыз, — дейді медиатор.

Қазір «Бақытты отбасы» орталығында осындай ерлі-зайыптыларға тәжірибелі медиаторлар мен психологтар көмек көрсетуде. Сондай-ақ аталған орталықта көп балалы аналарға заңгерлік көмек көрсетіліп, олардың кәсіппен шұғылдануына, жаңа дүниелер үйреніп, меңгеруіне жағдай жасалып отыр. Мұнда тігіншілік, аспаздық, басқа да курстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Анаға тағзым» кешенінде ата-аналарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мамандар тегін қызмет көрсетеді.

Ақтөбелік психолог Арайлым Тоқсанбаеваның айтуынша, ажырасудың алдын алу үшін отбасында әрбір бала өз жасына қарай жауапкершілік алуды үйрену керек. Сонда ғана кез келген жігіт немесе қыз үйленер алдында отбасы болудың жауапкершілігін сезініп, отбасылық құндылықтарды бойына сіңіреді.

Негізінде әрбір отбасында ата-аналар жас үйленген балаларына қолдау көрсетіп, көмек берсе, олардан үлгілі отбасы шығады. Ал отбасындағы ерлі-зайыптылар ұрыс-керіс болған кезде бір-бірін тыңдап, ашық сөйлесіп, неке сақтауға барын салуы қажет. Сонда ғана түсіністіктің арқасында неке сақталады. Жалпы қазір елімізде психологтардың көмегіне жүгінетін ерлі-зайыптылар көп. Жан-жақты кеңес алып, өздерінің кемшілік тұстарын түзетуге тырысатын ер азаматтар мен әйелдер жетерлік, — дейді психолог.

Айта кету керек, елімізде жаңа үйленген жұптардың көбі бес жылға дейін ажырасып кетеді екен. Ал егер сіздің некеңіз осы мерзімнен «сәтті» өтсе, онда қауіп азайды деуге болады. Дегенмен кез келген адам отбасында бақытты болуы үшін алдымен өзінің кемшіліктерімен жұмыс жасауы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы