Ақтөбе облысында 4,5 млрд теңге неге игерілмеді?

28 Мамыр 2024, 14:41
300
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 4,5 млрд теңге неге игерілмеді?
Фото: BAQ.KZ -архив

Ақтөбе облысында былтыр өңір бюджетінің 4,5 млрд теңгесі игерілмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті он үшінші сессиясында Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев айтып берді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы мөлшері 4,5 миллиард теңге қаржы игерілмеді. Бұл қаржының игерілмеуіне жобалық-сметалық құжаттамаларға түзетулер енгізу, келісімшарт талаптарының орындалмауы, кейбір мердігер ұйымдардың өз жұмысын дұрыс атқармай, олардың үстінен іс қозғалуы, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлық тексерістер жүргізуі себеп болып отыр. Былтырғы атқарылған жұмыстар бойынша қаржыны тиімді игермеген екі басқарма басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның бірі жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болса, екіншісі - құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, - дейді Нұрлыбек Өнербаев.

Оның айтуынша, былтыр Ақтөбе облысына жалпы мөлшері 504,9 млрд теңге түсім түскен. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 26 пайызға көп. Мәселен, түсімдердің 15 пайызға жуығы немесе 74,8 млрд теңгесі салықтан түссе, 83 пайызын (418,8 млрд.теңге) трансферттер құрайды. Ал 2,2 пайызы (11,2 млрд теңге) - салықтық емес түсім.

Былтыр бір жылдың ішінде облыстық бюджет 4 рет нақтыланып, 25 рет түзетілген. Талдап қарасақ, облыстағы экология, энергетика, спорт, туризм, құрылыс, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау салаларына бөлінген бюджет қаражаты дұрыс жұмсалмаған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін нәтижеге қол жеткізілмеген, - дейді облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин.

Өзгелердің жаңалығы