Ақтөбе облысында 4 мыңнан астам әйел сенім телефоны арқылы көмек сұрады

23 Тамыз 2023, 13:13
711
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 4 мыңнан астам әйел сенім телефоны арқылы көмек сұрады

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 4 мыңнан астам әйел сенім телефоны арқылы көмек сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ  Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықты әлемдік қауымдастық арнайы шешу және ескерту шараларын қажет ететін әлеуметтік мәселе ретінде қарастырады. Бұл мәселені шешу үшін полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі жұмыс істейді. Оның мақсаты – әйелдерді құқыққа қарсы әрекеттерден қорғау, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және жолын кесу мәселелерінде құқықтық көмек көрсету. 

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандарда да бар. Бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Осы бөлімшенің қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған немесе оны жасау қаупі төнген құқық бұзушыларға қатысты өз бетінше қорғау нұсқамаларын шығара алады, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, олар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жәбірленушілерге құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Жыл басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің инспекторлары сенім телефондары арқылы 4 мыңнан астам әйелге кеңес берді, өмірлік қиын жағдайға тап болған 250 зардап шегуші дағдарыс орталықтарына жүгінді. Нәтижесінде 12 адам қылмыстық жауапкершілікке, 2180 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Полицейлер облыс тұрғындарынан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық фактілері туралы уақытылы хабарлауды сұрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін тоқтату және құқық бұзушыны жауапқа тарту үшін полицияның “102” телефонына, сондай-ақ “150” сенім телефонына қоңырау шалу қажет.

Өзгелердің жаңалығы