Ақтөбе облысында 300-ден астам оқушы ЖРВИ жұқтырған

16 Қараша 2022, 18:43
1400
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 300-ден астам оқушы ЖРВИ жұқтырған

Ақтөбе облысында 321 оқушы жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қазан-қараша айларында облыста ЖРВИ-мен ауырғандар саны 2255 адамға жеткен. 

Облыста 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 247,22 пайызды құрап отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 1030 болса, бір жасқа дейінгі балалар үлес салмағы - 9,71 пайыз. Соңғы екі айда Ақтөбе облысында 321 оқушы жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырған.  Сондай-ақ биыл өңірде инфекция жұқтырған жүкті әйелдер де бар. Мәселен, 181 әйел ауырып, ем алған. Биыл полимеразды тізбек реакциясы әдісімен 711 үлгі зерттелді, оның 177-сі оң нәтиже көрсетті. Оның 175-і тұмаудың В типі болса, екеуі - А типі H1N1-pdm09 вирусы. Жалпы тұрғындар арасында ауырғандардың ішінде Ақтөбе қаласы бойынша тіркелген көп. Былтыр мұндай кезеңде облыста тұмау жағдайлары тіркелген жоқ, - дейді М.Сербаев.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректеріне сүйенсек, биыл ЖРВИ-мен ауырған 450 адам ауруханаға жатқызылған. Оның 105-і жүкті әйел болса, 104-і — бала. Ал пневмониямен ауырған 64 адам ауруханаларда ем алған. 

Жедел респираторлы вирустық инфекцияға, тұмауға және олардың асқынуларына эпидемиологиялық қадағалау кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар 1 қазаннан бастап 1 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Биыл Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарына тұмаудың алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, вакцинация алуды ұсынды. Соның нәтижесінде бүгінге дейін облыс халқының 17,4 пайызы, яғни 159 471 адам вакцина алды. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтағы 107 970 адам, жұмыс беруші қаражатына 15 238 адам және ақылы түрде тұрғындардың өз еркімен 36236 адам тұмауға қарсы вакцинациямен қамтылды. Егілуден кейін реакциялар мен асқыну деректері тіркелген жоқ, - дейді департамент басшысының орынбасары.

Ақтөбе облысында 15 қарашада тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары аяқталды. Бұл бағыттағы іс-шараларға биыл өңірде 63 жылжымалы бригада жұмылдырылды. Вакцинаны, негізінен, медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, балалар үйі мен сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйіндегі азаматтар және мүгедектер, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-тамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ бірқатар мектептердің оқушылары алды.

Өзгелердің жаңалығы