Ақтөбе облысында 23 адам бруцеллез жұқтырған

Бөлісу:
Ақтөбе облысында 23 адам бруцеллез жұқтырған
Фото: автордан

Ақтөбе облысында 23 адам малдан бруцеллез жұқтырып ауырған, оның алтауы — бала, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, бруцеллез ауруы тұрғындарға мал арқылы жұғып отыр. Себебі соңғы кезде өңірде бұл ауру көптеп таралуда. Мәселен, биыл облыс аудандарының көбінде осы ауру тіркелген. Атап айтсақ, Хромтау ауданында — 3, Ойыл ауданында — 7, Темір ауданында — 2, Мұғалжар ауданында — 1, Мәртөк ауданында — 1, Қобда ауданында — 2, Қарғалы ауданында — 1, Ырғыз ауданында — 1, Алға ауданында — 4, сондай-ақ Ақтөбе қаласында 6 адамнан бруцеллез анықталып отыр.

Жалпы биыл өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сібір жарасы, құтырма сияқты қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Дегенмен алдын алу жұмыстарын жандандыру керек. Бүгінде облысымызда тамақ өнімдерінің сапасы бақылауда. Біз жауапты органдарға егер мал арасынан бруцеллез анықталса, дереу зерттеу жүргізіліп, дезинфекция жасау туралы ұсыныс жасадық. Ал ауру тіркелген аумақта департамент мамандары тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізді. Қазір тұрғындарға қауіп жоқ, - деді департамент басшысы.

Ал Ақтөбе облысы бойынша аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Кеңес Қанадбаевтың айтуынша, былтыр облыста ветеринариялық және диагностикалық зерттеу жұмыстары 100 пайызға орындалған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және үй жануарлары құтыру, нодулярлы дерматит, аусыл, пастереллез, сібір жарасы, оспа, қарасан, шешек ауруларына қарсы егу жұмыстары жүргізілген. Туберкулезге қарсы аллергиялық зерттеулер, эхинококкозге қарсы дегельминтизация жасалған.

2024 жылы бруцеллез ауруы бойынша өңірде жалпы саны 750 116 ірі қара тексерілсе, оның ішінде 2775 бас ірі қарадан аталған ауру анықталды. Жұқтыру көрсеткіші– 0,4 пайызы. Сол сияқты 1 322 633 бас ұсақ мал тексеріліп, оның мыңнан астамы оң нәтиже көрсетті. Жұқтыру көрсеткіші — 0,08 пайыз. Түйе малынан 16 871 бас тексеріліп, 6 түйеден бруцеллез анықталды. Ал тексерілген 500 бас шошқадан ауру анықталған жоқ. Нәтижесінде бруцеллез анықталған мал ет өңдеу кәсіпорындарына союға тапсырылды, сондай-ақ мал иелері есебінен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, - дейді К.Қанадбаев.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында аса қауіпті жұқпалы аурулар ошақтары тіркелген жағдайда оларды жою жұмыстарын “Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың” Ақтөбе филиалы жүргізеді. Мәселен, былтыр бұл мекеме мамандары 14 қолайсыз пунктті сауықтырып, тазартқан. Атап айтсақ, ірі қара малының құтыру ауруы бойынша – 4, иттің құтыруы бойынша — 1, ірі қара малының қарасаны бойынша — 2, ірі қара малының пастереллезі бойынша – 2, ірі қара малының бруцеллезі бойынша 5 пункт сауықтырылған.

Қанша мал саны бірдейлендірілді?

Былтыр Ақтөбе облысы бойынша аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы малды бірдейлендіру, яғни есепке алу жұмыстарын жүргізген. Нақтырақ айтсақ, былтыр облыста 182 518 бас ірі қараны бірдейлендіру жоспарланса, нәтижесінде 195 725 бас ірі қара еске алынды. Сондай-ақ 451 227 бас ұсақ мал, 90 596 бас жылқы, 5434 бас түйе, 3013 шошқа тіркелген.

- Өткен жылы облыста сібір жарасы ауруы бойынша қолайсыз 122 пункт тіркелген болатын. Барлық сібір жарасы қорымдары ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендіріліп, қоршаулар қалпына келтірілді, тіреуіш элементтері күшейтіліп, ақпараттық аншлагтар орнатылды, - дейді инспекция басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда малды жұқпалы және созылмалы аурулардан қорғаудың бірден-бір жолы — ферма салу. Мұнда ветеринариялық-санитарлық тазалық сақталып, ауру малды бөлектеуге болады. Бұл орайда бүгінде Ақтөбе облысында қосымша 172 мал қорымы бар, оның 56-сы типтік жобада салынған, 116-сы — қарапайым. Алдағы уақытта тағы да қосымша 93 мал қорымы қажет.

- Өткен жылы жергілікті бюджеттен 10 мал қорымының құрылысын жүргізуге 141 879 000 теңге бөлініп, Әйтеке би ауданында – 2, Алға ауданында – 5, Ырғыз, Қарғалы мен Хромтау аудандарында бір-бірден мал қорымы салынды. Сонымен қатар қазір аудандарда 6 стационарлық инсинератор бар,. Оның ішінде екеуі — Ақтөбе қаласында, қалғаны — Алға, Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандарында, - дейді Кеңес Қанадбаев.

Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембаевтың айтуынша,

бүгінде облыста мал ұрлығының алдын алу және эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында ауылдық округ орталығы мен ірі елді мекендерде 141 ауласы бар раскол пайдаланылуда. Сондай-ақ өңірде 15 мал сою пункті мен 15 мал сою алаңы бар.

- Былтыр облыста бірдейлендіру дерекқорында 2 266 922 бас мал тіркелді. Оның ішінде 619 193 бас мүйізді ірі қара болса, 1 250 319 басы — ұсақ мал, 369 863-і — жылқы, 25 059-ы — түйе, 2488-і — шошқа. Сондай-ақ үй жануарлары мен құстарды 17 аса қауіпті ауруға қарсы вакцинациялау бойынша 9 652 780 манипуляция жүргізу жоспары бекітіліп, жоспар толығымен 100 пайызға орындалды. Ал бруцеллезге қарсы серологиялық зерттеу жұмыстары бойынша 757 684 бас ірі қара малы мен 1 324 583 бас ұсақ мал тексерілді, -дейді ол.

Ақтөбе облысында 23 адам бруцеллез жұқтырған

Ауру малдың еті қайда тапсырылады?

Инспекция басшысының айтуынша, бруцеллезбен ауырған малдың етін жеуге болмайды. Оны тек ет өңдеу кәсіпорындарына тапсыру керек. Ал малдың ішкі құрылыс мүшелерін көміп, жою керек. Әйтпесе ауру өзгелерге жұғады. Егер жеке тұрғынның немес шаруашылықтың қорасында аурудың қоздырғышы болса, онда басқа малдарға бұл ауру тез жұғады. Сондықтан қай кезде мал иелері дезинфекция жасап, аурудың алдын алуы керек.

Ең өкініштісі, бруцеллез кейде мал өнімі арқылы адамға жұғады. Сондықтан бұл орайда аурудың алдын алуда тамақ өнімдерінен сынама алу маңызды. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инспекторлық қарап тексеру нәтижесі бойынша бақылаудағы импортталған жүктерден 2024 жылы 11 сынама республикалық зертхананың Ақтөбе облыстық филиалына тексеруге жіберілді. Астана қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жоспарға сәйкес қой, сиыр, жылқы және құс етінен 1300-ге жуық сынама алынып жіберілді. Бұдан бөлек, облыста малды тексеріссіз союға жол бермеу мақсатында ветеринариялық тексеруді және союдан кейінгі ветеринариялық-санитариялық сараптаманы өткізу үшін ведомство “Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау” модулін әзірледі, - деді К.Қанадбаев.

Аталған модуль аясында кез келген сауда орнында сатылатын малдың толық өмірлік циклі туралы ақпараты бар QR-код қойылады. Былтыр Ақтөбе қаласында 27 мал сою орны, 37 ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасы, 11 сауда орны осындай модульге қосылған. Осы жүйе арқылы қазіргі таңда 9219 ветеринариялық анықтама бланкісі мен 44 663 сараптама қорытындысы шығарылған.

Енді облыстағы етті қайта өңдеу кәсіпорындарына келсек, бүгінде өңірде мұндай үш кәсіпорын тіркелген. Олар — Ақтөбе қаласындағы "Айбек" ЖШС, Шалқар ауданындағы "Шалқар еті" ЖШС және Алға ауданындағы "Ақтөбе ет кластері" ЖШС. Сондай-ақ былтыр облысымызда жеке кәсіпкерлердің бастамасымен Ақтөбе қаласында “Дала-Елі” ЖШС, “KHAIRAT-2024KZ” ЖШС мал сою пункттері іске қосылды және жаңа екі мал сою пункті Алға ауданында салынып жатыр.

Ақтөбе облысында 23 адам бруцеллез жұқтырған

Биыл қанша ветпункт салынады?

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембаевтың айтуынша, бүгінде өңірде жалпы саны 13 ветеринарлық станция және 141 ветеринарлық пункт бар.

Былтыр Ырғыз ауданындағы Қызылжар, Мәртөк ауданындағы Жайсаң, Байторысай, Ойыл ауданындағы Көптоғай, Саралжын ауылдарында ветеринариялық пункт ғимараттары салынған. Биыл ауылдық елді мекендерде 15 модульдік ветеринарлық пункт ашылады.

- Облыстық ветеринария басқармасы есебінен 4 модульдік ветеринариялық пункт Мәртөк, Қарғалы, Хромтау және Мұғалжар аудандарына сатып алынып беріледі. Барлығы 12 модульдік ветеринариялық пункт үшін «Мемлекеттік сатып алу» порталынан сатып алу рәсімдері жүргізілді. Анықталған жеңімпаздармен келісімшарт жасалып, ветеринариялық пункті тасымалдау мен орналастыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2024 жылы ветеринариялық стансалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін облыстық бюджеттен 367,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Бөлінген қаражатқа 40 автокөлік, 18 компьютер сатып алынып, ветеринарлық стансаларға табысталды, - дейді А.Сембаев.

Заң бұзғандар кімдер?

Өткен жылы аталған инспекция ҚР ветеринария саласындағы заңнамасын сақтамаған үшін 600 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Нәтижесінде кінәлілерге 22 878 750 теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның ішінде карантин және шектеу іс-шараларының шарттары мен талаптарын сақтамағаны үшін 6 тұлғаға 221 520 теңге айыппұл салыныпты.

Былтыр Ақтөбе облысында мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын орны ауыстырылатын нысандарды Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде талаптарды сақтамағаны үшін 314 тұлғаға 12 716 520 теңге, Қазақстан Республикасының аумағынан басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан қорғау туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтамағаны үшін 46 тұлғаға 1 809 080 теңге, ауыл шаруашылығы жануарларын союдың шарттары мен талаптарын сақтамағаны үшін 13 тұлғаға 516 880 теңге, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етпегені үшін 18 тұлғаға 923 000 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасымен жүктелген функцияларды орындамағаны үшін 27 лауазымды тұлғаға ескерту берілді, - дейді К.Қанадбаев.

Сондай-ақ аталған заң аясында әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттері үшін өңірде 3 тұлғаға 332 280 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы