Ақтөбе облысында 22 әйел өз-өзіне қол жұмсаған

25 Қараша 2022, 18:59
1458
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 22 әйел өз-өзіне қол жұмсаған

Ақтөбе облысында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы басталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталған акцияның мақсаты — әйел адамдарды зорлық-зомбылықтан қорғау, отбасында осындай жағдайларды болдырмау, оның алдын алу.

Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлжан Маханованың айтуынша, бұл шара 25 қараша — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бойынша халықаралық күрес күні аясында ұйымдастырылып отыр. Аталған акция 10 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, бүгінге дейін әлем бойынша сексуалдық зорлық-зомбылықтан 1,3 миллиард адам зардап шеккен. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу үшін бүгін облыста акция бастап жатырмыз. Жалпы мұндай шара тек белгілі бір уақыт аралығында емес, өңірімізде күн сайын жүргізілетін болады. Дегенмен акция аясында біз көптеген проблемаларға тоқталатын боламыз, әр түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырамыз, — дейді ол.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оларда отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 90-нан астам әйел мен олардың балалары жатыр. Бұл орталықтарда психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс жасайды. Олар зәбір көрген аналар мен балаларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Мамандардың айтуынша, қазір Ақтөбе қаласы бойынша зардап шеккендер 936-422 телефоны бойынша хабарласа алады. Кез келген әйелге бұл орталықтарда  көмек берілетін болады.

Бұрын қоғамда әйелге зорлық көрсету, қол жұмсау әрекеттері болмады ма, әлде мұндай құқықбұзушылықтар көп тіркелмеді ме, қазіргідей ашық мәлімет алуға мүмкіндік болмайтын. Қазір әйелдер қауымы үйіндегі ерінен не болмаса жақынынан зәбір көрсе, дереу орталықтарға барып көмек сұрайды. Мұны мамандар да растайды.

Ақтөбе облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиеваның айтуынша, биыл жыл басынан бері облыста отбасылық тұрмыстық жағдайда 20 қылмыс тіркелген. Былтыр мұндай 33 қылмыс болған.

 Биыл облыс бойынша 3800-ге жуық отбасында әйелдерге зорлық көрсеткен азаматтарға қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот арқылы мұндай азаматтардың 1090-ына ерекше талаптар белгіленді. Жалпы өңірімізде күніне әйел адамдардан 102 нөміріне 15-20 қоңырау түсіп отырады. Биылғы он айдың ішінде облыс бойынша осындай зорлық-зомбылық көрген 22 әйел өз өмірін қиса, осындай қиын жағдайға тап болған 58 ақтөбелік өз-өздеріне қол жұмсауға әрекет жасаған. Қазір мұндай әйелдермен мамандар тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр, — дейді ол.

Акция аясында құқық қорғау саласының мамандары, Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері отбасында зәбір көрген қыз-келіншектермен, аналармен, балалармен жан-жақты жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. 

Өзгелердің жаңалығы