Ақтөбе облысында 18 ұлттың өкілі тұратын шағын ауыл бар, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Вознесеновка ауылы облыс орталығынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. 400-ден астам тұрғыны бар шағын ауылда 18 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың тіпті кейбіреуі қазаққа қызын беріп, құда болып отыр.
Ауыл әкімі Ерлан Түкібаевтың айтуынша, Вознесеновка ауылы - Аққұдық селолық округінің орталығы. Бұл округте мыңнан астам тұрғын бар. Округ Ресеймен шекаралас жатыр. Шекара мен Вознесеновка ауылының ара қашықтығы - 5 шақырым.
Ауылымызда тұрғындардың өмір сүруі үшін барлық жағдай бар. Ауызсу, көгілдір отын, жарықпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ мектеп, балабақша, клуб пен кітапхана, дәрігерлік амбулатория, саябақ пен футбол алаңы да бар. Орта мектепте 80-нен астам бала білім алуда. Білім беру ошағында 30-дан астам мұғалім жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, жылдан-жылға оқушылардың саны азайып барады. Оның басты себебі елді мекенде жастар саны аз, көбі қалаға көшіп кеткен. Жалпы округ бойынша 80-нен астам шаруашылық бар. Тұрғындардың дені мал, құс өсірумен, жемшөп дайындаумен айналысады. Жылқы, асыл тұқымды ірі қара бағып, қожалығын кеңейтіп жатқан шаруашылықтар да жетерлік. Ауыл халқының ауызбіршілігі жоғары, өзге ұлт өкілдері болғанымен, бір-біріне қамқор, бауырмал, - дейді округ әкімі.
Оның айтуынша, болашақта орыс тіліндегі ауыл атауын өзгерту жоспарда бар. Әзірге бұл б-астаманы бірқатар тұрғындардың қолдамауынан кейінге қалдырылған. Жалпы, округ Аққұдық атауын осыдан біраз жыл бұрын иеленіпті.
Ауылда саны жағынан қазақ, неміс, орыс, украин, өзбек, шешен, башқұрт ұлтының өкілі көп. Бірлігі жарасқан елді мекенде өзге ұлт өкілдері бір-бірімен құдаласып, туыс болып кеткен. Ауылда ортақ той, мерекелік шаралар болғанда баршамыз жиналып, ауызбіршілігімізді көрсетіп, бір-бірімізге демеу боламыз. Қай кезде де өзге елдерге үлгі болған көп ұлтты Қазақстанымыз қарыштап дами берсін! Алдағы келе жатқан бірлік пен ынтымақтың мерекесі құтты болсын, - дейді Ерлан Түкібаев.
Вознесеновка ауылының тұрғындарының бірі Идрис Шихамировтің ұлты — рутул. Ол кеңес заманы тұсында әскерден келген соң Ақтөбе облысында тұрақтап қалған. Кейін отбасын құрып, орыс қызына үйленген. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір оның үлкен ұлы жарнама жасаумен айналысса, кіші ұлы шетелде білім алып жүр. Ал қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бүгінде Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар ауданында тұрып жатыр.
Ауылда өсімдік шаруашылығымен айналысып жүрмін. Қазір аулама жаңғақ, павловния ағаштарын егіп жатырмын. Олар 6-7 жылдан соң ғана өнім береді. Олардан өнім алғанша тауық бағып, табыс тапсам деймін. Осы мақсатта облыста іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтініш бердім. Егер несие алсам, қаржыға 100-200 тауық, инкубатор, қажетті жабдықтар, жем-шөп сатып аламын, — дейді ол.
Вознесеновка ауылында тұратын орыс ұлтының өкілі Татьяна Кудлай да «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алып, болашақта сүт өндірумен айналыспақ. Бұл жобаға қатысу үшін ол жыл басында өтініш беріпті. Қаймақ, сары май, сүзбе, айран, т.б. сүт өнімдерін жасап, аудан тұрғындарына сатпақ ойы бар. Себебі қазір таза, қолдан жасалған сүт өнімдеріне сұраныс мол.
Көп жылдан бері осы ауылда тұрамын. Ауыл халқы тату, көпшілік шараларға лезде жиналып, белсенділік танытады. Өзім ауыл әкімдігінде жұмыс жасаймын. Тұрғындармен кез келген уақытта сөйлесіп, ортақ мәселе болса шешіп, ауызбіршілік танытып отырамыз. Мұнда тұратын өзге ұлт өкілдерінің барлығы қазақ тілін түсінеді, тіпті, арасында таза қазақша судай сөйлейтіндері де бар, - дейді Татьяна.
Артем Райзих — осы ауылдағы таза қазақша сөйлейтін көптің бірі. Ол 2021 жылдан бері Вознесеновка орта мектебін басқарады. Қазір бұл мектепте оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Тек оқу орнына бірқатар пән мұғалімдері жетіспейді.
Мектебімізде физика, биология, математика, информатика пәндерінің мұғалімі тапшы. Биыл жаңа оқу жылында басқа аудандардан жас мамандар алдыруды ойлап отырмыз. Сондай-ақ жаңа оқу жылында қазақ сыныбына орыс ұлтының өкілі 1-сыныпқа қабылданғалы отыр. Бұл да біздің ауылымыздың тұрғындарының мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы мен шынайы ықыласын білдіреді. Жалпы мектепте 83 оқушы білім алса, оның жартысы орыс, жартысы қазақ сыныбында оқиды, - дейді ол.
Артемнің ұлты — неміс. Оның негізгі мамандығы — тарих пәнінің мұғалімі. Кішкентайынан қазақ ауылында өсіп, тәрбиеленгендіктен, ол қазақшаны тез үйреніп кеткен. Тіпті, ол қазақ қызына үйленген. Бүгінде отбасында екі бала тәрбиелеп отыр.
Біз отбасында тек қазақша сөйлесеміз, қазақтың салт-дәстүрлерлерін ұстанамыз. Балаларымыз да қазақша сөйлейді. Қазір қазақ тілін үйренгісі келген адамға мүмкіндік мол. Сондықтан кез келген ұлт өкілі курстарға қатысып, аз уақыттың ішінде емін-еркін қазақша сөйлей алады. Ең бастысы, ниет түзу болса болғаны. Барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман, балаларымыз бақытты болсын, - дейді Артем.