Қостанай облысындағы отырыста өңірлердің инвестициялық ахуалы талқыланды

29 Сәуір 2023, 20:45
907
Бөлісу:
Қостанай облысындағы отырыста өңірлердің инвестициялық ахуалы талқыланды
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенаттың Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің депутаттары Қостанай облысында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері және оның өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне әсерін талқылау кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов отырысты аша келіп, еліміздің экономикасы инвестиция тартуға кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді жою жөніндегі тұрақты түрде атқарылатын жұмыстар мен ауқымды реформаларды талап ететінін атап өтті.

«Бүгінде бизнес ортасын жақсарту және барлық бағыттағы инвестицияның экономикалық әсерін күшейту жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Біздің комитет арнайы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігі мәселелері бойынша шараларды ұдайы қолға алып келеді, соның ішінде көшпелі отырыстарды да өткізді. Онда бірқатар кемшіліктер анықталды, соның нәтижесінде заңнамалық актілер аясында шешу жолдары табылды, сондай-ақ бюджеттік қаржыландыруға өзгеріс енгізу жүзеге асты», - деді сенатор Мәкежанов.

Қостанай облысы әкімдігінің өкілі өз кезегінде өңірдегі ахуал туралы айтып берді. Мәселен, ол 2023 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында өнеркәсіп кәсіпорындары 610 млрд теңгеден астам сомаға өнім шығарғанын хабарлады. Ең үлкен үлес өңдеу өнеркәсібіне 70% және тау-кен саласына 26% тиесілі болып отыр. Жалпы, өңірге 2022 жылы шамамен 486,5 млрд теңге инвестиция тартылды.

Отырыс барысында ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, сыртқы істер, ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер инвестициялық саясатты дамыту туралы баяндама жасады.

Депутаттар көшпелі отырыс аясында «Батыс» кіші электр станциясында, авто бөлшек шығаратын екі зауыт салып жатқан құрылыс алаңында, машина жасау зауытында және өңірдегі басқа да бірқатар әлеуметтік нысандарда болды.

Депутат Сұлтанбек Мәкежанов сапарды қорытындылай келіп, қатысушылар ұсынған материалдар негізінде, сондай-ақ өткізілген отырыстың нәтижелері бойынша Қаржы және бюджет комитеті Үкіметтік сағатта айтылатын және оларды жүзеге асыру үшін Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы