Ақтөбе облысында 130-дан астам жаңажылдық шара өтеді

27 Желтоқсан 2022, 09:27
709
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 130-дан астам жаңажылдық шара өтеді

Ақтөбе облысындағы мәдениет мекемелерінде Жаңа жыл қарсаңында 130-ға жуық мәдени, ойын-сауық іс-шара өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жаңажылдық мерекелерді өткізуге дайындық мәселелері жөніндегі кеңес барысында мәлімдеді. 

Негізгі мерекелік іс-шаралар 31 желтоқсанда өткізілмек. Ақтөбеде халықтық мерекелер 8 алаңда – Тұңғыш Президент атындағы мәдениет және демалыс саябағында, облыстық және қалалық әкімдіктер, «Жекпе-жек» сарайы, облыстық халық шығармашылығы орталығы, Есет батыр, Сазды, Құрайлы тұрғын үй алаптарында ұйымдастырылады. Айта кетейік, саябақта мерекелік бағдарлама түнгі 2-ге дейін жалғасады. 

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды, көпбалалы отбасылардан шыққан және мүмкіндіктері шектеулі балаларды, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларды мерекелік іс-шаралармен барынша қамтуды тапсырды. Бұдан өзге, өңір басшысы уәкілетті органдарға жаңажылдық мерекелерде азаматтар қауіпсіздігін және нысандарда тәртіп ережелерін сақтауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы