Ақтөбе облысында Ырғыз деген аудан бар. Облыс орталығынан 450 шақырым жерде орналасқан шалғайдағы ауданда бүгінде асыл тұқымды ірі қара, жылқы өсірумен және дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысатын қожалықтар саны артып келеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Есет Молыбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда жалпы саны 322 ауыл шаруашылық құрылымы бар. Оның ішінде 15-і — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10-ы — өндірістік кооператив, 288-і — шаруа қожалығы, 9-ы — ауыл шаруашылығы кооперативі.
Былтыр ауданда жалпы құны 20 314 500 теңгенің өнімі өндірілді. Былтырғымен салыстырғанда биыл мал саны көбейіп отыр. Мысалы, қазір ауданда 44 822 бас ірі қара, 109 383 бас қой-ешкі, 14 536 жылқы, 1 241 түйе, 14 137 құс бар. Биыл 16 ауыл шаруашылық құрылымы 909 бас мүйізді ірі қара сатып алды, 11 ауыл шаруашылық құрылымы 2 314 бас қой сатып алды. Техникаларды жаңарту, есептен шығару бойынша 2022 жылы ауданға 23 трактор сатып алынды. Сондай-ақ биыл облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Ырғыз ауданынан 4 елді мекеннен тұратын 2 ауылдық округ – Қызылжар және Тәуіп ауылдық округтері пилоттық жоба ретінде таңдалды. Аталған округтерде 529 аула, 3104 халық тұрады. «Ауыл аманаты» жобасына биылғы жылы 404,0 миллион теңге болатын 194 жоба қатысады. Оның ішінде 7 жоба өсімдік шаруашылығы, 153 жоба құс шаруашылығы, 7 жоба қаз, 124 жоба тауық, екі жоба бөдене өсіруге бағытталып отыр, — дейді ол.
Бөдене өсіреді, ешкі бағады
Ырғыз ауданының тұрғыны Балымкүл Құдабаева қазір үйінің ауласында 100 бөдене бағып отыр. Оның бұл шаруашылыққа бет бұрғанына бірнеше жыл болған. Пайдасы мол, өсіруге ыңғайлы бөденені бағуға ол арнайы сарай да салып алған.
Бөдененің санын алдағы уақытта көбейткіміз келеді. Сондай-ақ тауық та ұстағымыз келеді. Құс шаруашылығы — өте тиімді, пайдасы да мол шаруашылық түрі. Қазір облыс орталығына жем тасып бөденелерімізді бағып отырмыз. Ауданда біз сияқты бөдене өсірумен айналысатын шаруашылықтар жоқ. Ең қызығы, бөдененің жұмыртқасын алушылар көп. Кейде тұрғындар таласып алып кетеді. Білуімше, бөдене жұмыртқасының адам ағзасына пайдасы зор. Тіпті ол тауық жұмыртқасына қарағанда сіңімді, жеңіл, дәрумендерге бай, — дейді ол.
Қазір кәсіпкер бөдене жұмыртқасының бір данасын 50 теңгеден сатып жатыр. Алдағы уақытта үй құсының санын көбейтсе, бұл баға төмендеуі мүмкін екенін айтады.
Бөденені өсіріп, одан мол өнім алу үшін оны жылы жерде бағу керек. Біз сол үшін арнайы сарай салып, температурасы 20-25 градус аралығында болатын орын дайындадық. Қазір бөденелеріміз жылы, жайлы жерде. Тек қазіргі таңда жем тасу үлкен проблема болып тұр. Өйткені Ырғызда жем сатылмайды. Ол үшін облыс орталығына арнайы баруымыз керек. Қазір бір қап жемнің бағасы — 9 мың теңге. Оны тасып әкелуге тағы да құн қосылады, — дейді кейіпкеріміз.
Кәсіпкер облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдіріп отыр. Егер жоба аясында несие алса, бөдененің санын 300-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ 500 тауық сатып алғысы келеді. Әзірге ол жобаға қатысуға құжаттарын әзірлеп жатыр.
Ырғыз ауданында дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысып жатқандардың бірі — «Асыл жол» шаруа қожалығының басшысы Ақкенже Отаралина. Ол қазір шаруашылық ашып, ешкі басын көбейтуде.
Ешкі — тез көбейетін, өсімтал төрт түліктің бірі. Ешкінің қоңы жақсы, күтімі тәуір болса, тез өседі. Ата-бабамыз «Есің кетсе, ешкі жи» деген ғой. Сондықтан көп жылдан бері ешкі бағуды кәсіпке айналдырдық. Басында ешкі саны 500-ге дейін жеткен. Қазір қожалықта 350-дей ешкі бар. Жалпы ешкі өсіру оңай жұмыс емес. Ауылда мал азығын әзірлеу, оларды бағу, сауу көп еңбек. Осы шаруашылықтың арқасында балаларымызды оқытып, отбасын асырап отырмыз. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, ешкінің занин тұқымын алып, өсіргіміз келеді. Өнімі де, өзі де өтімді ешкінің сүті адам денсаулығына пайдалы. Бұрын ата-бабамыз ешкіні сауып, сүтін ішкен, жас балаларға, сәбиге ішкізген. Қазір қожалықта барлық аналықты саумасақ та, бірлі-жарымын сауып, сүт қыламыз. Мен бірнеше жылдан бері ешкінің сүтін қымыз ашытудың технологиясы бойынша дайындаймыз. Тапсырыс берушілер көп, — дейді кәсіпкер.
Ақкенже Отаралина елімізде пандемия болып, тұрғындар коронавируспен ауырған кезде науқастарға ешкінің сүтін тегін үлестіргенін айтады. Себебі ешкінің сүті көп ауруға ем екен.
Қолда тұрған соң ауданда ауырған адамдарға қамқорлық жасап, ешкіні сауып, сүтін жеткізіп отырдық. Халықтың алғысын алғанға не жетсін?! Кейін ауруынан айығып шыққандар алғысын жаудырып жатты. Қазір де денсаулығына бейжай қарамайтын адамдар сатып алады. Жалпы шаруашылығымыз жылдан-жылға дамып келеді. Қазір ауылда газ, ауызсу бар. Тек соларды қожалығымызға жеткізуде мәселе туындап тұр. Біз бұл мәселені жергілікті билік өкілдеріне айттық, әзірге шешілген жоқ, — дейді қожалық басшысы.
Жылқысы көп қос қожалық
Ырғыз ауданында жыл сайын жылқы басы артып келеді. Бұған ауыл-аймақтағы шаруашылықтардың қосып жатқан үлесі мол. Мәселен, ырғыздық кәсіпкер Айбек Нұрбаев 12 жылдан бері жылқы малын өсірумен айналысады. Бүгінде оның қожалығында 300-ден астам жылқы бар. Пандемия кезінде қымыз өндіруді қолға алған ол қазір аудан халқын жылқының етімен, сүтімен қамтамасыз етіп отыр.
2011 жылдан бастап қожалықтың шаруасын дамыттық. Базымыз аудан ортылығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Шаруашылығымызға «Айқын» деп атау бердік. Қазір шаруа қожалығымызда 300-ден астам жылқы, 30 шақты ірі қара бар. Жазда шаруашылық болып базға көшеміз, қыста аудан орталығында тұрамыз. Қазір жаз жайлауға көшіп жатырмыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын базымызға күн сәулесінен қуат алатын қондырғы орналастырғанмыз. Қазір содан жарық алып отырмыз. Өкінішке орай, базда газ, ауызсу жоқ. Малға су керек болған соң өткен жылы шаруашылыққа жақын жерден ұңғыма қазып алдық. Бүгінде қожалық жұмыстарына келіншегім, балаларым көмектеседі. Отбасылық кәсіпті дамытуға күш салып келеміз. Болашақта асыл тұқымды жылқыны көбейткіміз келеді. Сондай-ақ қымыз өндіретін цех ашу да ойда бар, — дейді ол.
Шаруаның әзірге шөп шабатын мүмкіндігі жоқ, себебі техника алмаған. Бірнеше жылдан бері мал азығын алу үшін қорадағы ірі қарасын сатып келеді. Техника алса, бұл бағыттағы жұмыстарын қолға алмақшы. Әзірге ол жылқы санын арттыруды көздеп отыр.
Жылқы малы кең жерде, далада жүреді. Сондықтан мал азығын дайындауға аса мұқтаж емеспіз. Ірі қараға қажет шөпті шаруашылықтардан сатып аламыз. Қазір біз сияқты шаруаларға басты проблема малдың суы болып отыр. Өйткені соңғы жылдары біздің Ырғыз өңірінде қуаңшылық болып тұр. Шөп аз, құнарлы жер жоқтың қасы, су тасымайды, малға суды тек ұңғыма арқылы алып отырмыз. Жылдан-жылға өлкемізде шалғындық пен жайылымдық жердің құнарлылығы жойылып барады. Ал бұл шаруаларға өте өзекті мәселе, — дейді ол.
Бүгінде Ырғыз ауданында қымызға деген сұраныс жоғары. Бұл үрдіс, әсіресе, пандемия кезінде басталды. Қазір тұрғындар апта сайын шаруашылықтарға тапсырыс беріп, қымыз алдыртады. Шаруаның айтуынша, бүгінде ауданда бір литр қымыз 1500 теңгеге сатылып жатыр. Сұраныс көп болған соң, бағаға «өкпе» айтатындар жоқ екен.
Қымыз демекші, жылқы өсіріп, шаруашылығы мен ауыл-аймағын таза қымызбен қамтып отырған тағы бір қожалық — Ырғыз ауданы Тәуіп ауылдық округіндегі «Мадияр» шаруа қожалығы. Биыл бұл қожалықтың өз жұмысын бастағанына он жыл болған.
Шаруашылық басшысы Сәкен Жәкешов екі-үш жыл бұрын 150 бас қалмақ тұқымды сиыр мен асылтұқымды алты бұқа сатып алған. Қазір сол малын көбейтіп, санын 300-ге дейін жеткізіп отыр. Ал шаруашылықтағы 270-тен астам жылқы қазір Ырғыз ауданынан 35 шақырым жердегі Айманбет деген жерде жайылып жүр.
Ірі қара санын көбейту үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 10 жылға 70 миллион теңге несие алғанмын. Міне, сол қаржыға 150 бас ірі қара сатып алып, шаруашылықтың жұмысын жолға қойдық. Қазір қожалықтағы базымызға жарық пен ауызсу кіргізіп алдық. Баз маңынан ұңғыма қазып, содан малды суарып отырмыз. Қожалықта 7 адам жұмыс істейді. Шаруашылығымызда шөп шабуға қажетті тракторлар, басқа да құрал-жабдықтар бар. Малшылар қысы-жазы малды қожалықтың базында бағады. Оларға барлық жағдайды жасап отырмыз, — дейді шаруа.
Сәкен Жәкешов өткен жылдары қожалықтағы асыл тұқымды ірі қара мен жылқы малына, жем-шөпке мемлекеттен субсидия алған. Алған қаржысын баздың құрылыс жұмыстарына, техника алуға жұмсаған. Оның айтуынша, қазір аудан аумағында мал үшін судың жоқтығы үлкен проблема болып отыр.
Ал аудандағы «Мансұр» шаруа қожалығының басшысы Ғанибет Жұбаниязов үшін бүгінде басты мәселе — малшының жоқтығы, механизаторлардың тапшылығы.
Оның айтуынша, қазір ауылда мал бағып, шөп шапқысы келетін азаматтар аз. Жастар жанын қинап, ыстықта еңбек еткісі келмейді. Одан гөрі мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып, үйінде тыныш жатқысы келеді.
Малшы мен механизатордың жоқтығы өз алдына, қазір шаруашылығымызда шабындық жер жоқ. Былтыр жақын туысыммен бірлесіп, аудан аумағында шөп шауып алғанбыз. Биыл жер мәселесін шешу керек боп тұр. Өкінішке қарай, аудан аумағында жері шүйгін жер жоқтың қасы. Жерді қуаңшылық жайлап тұр, — дейді ол.
Ғанибеттің қарамағында биыл 4 адам жұмыс істеп жатыр. Шаруашылықтың базында су да, жарық та бар. Малшыларға барлық жағдай жасалған. Қожалықта 70-тей ірі қара, 80 бас жылқы бар. Алдағы уақытта шаруа ет бағытындағы ірі қара санын көбейтпек. Былтыр шаруашылық басшысы ірі қара басына 30 мың теңгеден субсидия алыпты. Ал жылқыға 20 мың теңгеден берілген. Биыл жылқыға субсидия төленбеуі мүмкін. Себебі облыс бойынша осы мәселе өзекті болып отыр. Қазір жылқы өсіретін басқа шаруашылықтар осы проблеманы облыс деңгейінде көтеріп жатыр.
Асылжанның қойлары
Қазақта «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген нақыл сөз бар. Осы сөздің мәнін ұғынған жас кәсіпкер Асылжан Қырымгерей қазір ауданда қой өсірумен айналысып жатыр. Бүгінде оның шаруашылығында 500-ден астам қой бар. Сондай-ақ шаруа 400-дей ірі қара өсіріп отыр. Бұдан бөлек, кәсіпкер саудамен де шұғылданады. Жан-жақты, сауатты, алғыр, пысық жігіт өз кәсібін осыдан 8 жыл бұрын бастапты. Ол шаруашылығы жөнінде біз әңгімелеп берді.
Қожалығымыз «Шах-наз» деп аталады. Алғаш рет кәсіп бастамас бұрын облыс орталығындағы шаруа «Даму» қоры арқылы 6 миллион теңге несие алдым. Сол қаржыға мал сатып алдым. Кейін тағы мемлекеттен жалпы құны 38 миллион теңге несие алып, қой мен ірі қара малын, шөп шабуға қажетті техникалар сатып алдым. Қазір сол малды өсіріп жатырмыз. Қожалығымызда жұмысшылар, механизаторларымыз бар. Базымыз Қалыбай деген ауыл маңында орналасқан. Шағын ауылда ауызсу, жарық бар. Дегенмен қожалыққа әлі электр желісін жүргізген жоқпыз. Бұл енді уақыттың еншісіндегі дүние. Алдағы уақытта баз жұмысын қолға алмақпыз, — дейді ол.
Асылжан ірі қарадан бөлек қой өсірудің тиімділігі көп екенін айтады. Біріншіден, төрт мезгіл бойы оның етін, жүнін пайдаланасың, қонақ келсе, әп сәтте қозысын сойып, ет қыласың, күзде күздікке сойып аласың. Жүні мен терісін өткізіп, пұл қылуға болады. Бұл жерде айта кету керек, жалпы Ақтөбе облысында малдың терісі мен жүнін өңдеу ісі кейіндеп қалған. Бұл шаруаларға өте тиімсіз. Дегенмен еліміздің оңтүстік өңірлерінен келіп, әсіресе, қой-ешкінің жүні мен терісін сатып алып кететіндер аз емес. Ырғыз өңірі Қызылорда облысымен шектесіп жатқандықтан, мұнда осы облыстың кәсіпкерлері жиі қатынайды.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, қой-ешкінің тұрмыстағы пайдасы түйе мен жылқыдан да артық десе болады. Қойдың еті қашан да өтімді, сатуға да оңай. Қазір қожалықтағы қойымыз төлдеп, шаруамыз қызып жатыр. Одан бөлек, Ырғыз ауданының орталығындағы азық-түлік дүкенінің жұмысын да дамытып жатқан жағдайымыз бар. Мұнда көкөніс, жеміс-жидектен бастап барлық азық-түлік түрлерін сатамыз. Тауарларды негізінен еліміздің оңтүстік өңірінен,Ақтөбе мен Қостанайдан тасимыз. Дүкендегі азық-түліктің бағасы басқа сауда орындарына қарағанда 5-10 пайызға арзан. Сондықтан тұтынушыларымыз көп, — дейді Асылжан.
Кәсіпкердің ендігі арманы — ауданға барар жолдан үлкен кемпинг салу. Ол үшін оған көп қаржы керек. Әзірге Асылжан мал шаруашылығы мен сауда саласын дамытуды көздеп отыр.
Ісі көпке үлгі болған жігіт қазір аудандағы басқа да жас кәсіпкерлердің басын қосып, бірқатар қайырымдылық шараны да ұйымдастырып жүр. Асылжан алдағы уақытта елге қайырымы мол, туған жерін түлеткен кәсіпкер болуды өзіне мақсат етеді.
Аронның шаруашылығы
Ырғыздық Арон Қоқымбаев он үш жылдан бері ірі қара өсіріп, жыл сайын бау-бақша егеді. Еңбекқор, шаруасы мығым кәсіпкер биыл да бақша шаруашылығын дамытып жатыр. Қазір оның қожалығында жүзден астам ірі қара бар. Нұра ауылынан 10 шақырымда орналасқан базында жаз бойына малын бағып, шаруасын жүргізеді. Қыста ауылының орталығындағы қыстауына қайтады.
Мемлекеттен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 8 млн теңге несие алдым. Осы қаржыға 40 бас сиыр сатып алып, ет, сүт бағытында ірі қара өсіріп жатырмын. Шаруашылығымды кеңейтіп, мал санын арттырсам, ет дүкенін ашсам деймін. Мал борақылау алаңын да жасақтағым келеді. Әзірге бұл жоспарымды жүзеге асыруға қаржы аз. Қазір үздіксіз еңбектеніп, ірі қара малын бағып жатырмыз, — дейді ол.
Шаруашылық басшысының айтуынша, қожалықтың базында қазір жарық жоқ. Сондай-ақ малшы, сауыншы да тапшы. Ауылда жастар мұндай жұмыстарды жасағысы келмейді. Бірі жалақыны азсынса, бірі бейнеттенгісі жоқ. Үлкен кісілердің жыл бойына мал бағуға күші жетпейді.
«Атамекен» аталатын шаруа қожалығымызда ірі қара бағумен қатар қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша өсіреміз. Бау-бақша өсіруді жақсы көремін, мені көп дүниеден алшақтатады. Еңбек еткен адам қашан да жетістікке жетері хақ. Сондықтан күндіз-түні осы шаруашылығымызды дамыту үшін бар күш-жігерімізді салып, еңбек етіп жатырмыз. Жыл сайын бақшаны мамыр айының үшінші онкүндігінен бастаймыз. Биыл көктем ерте шықты. Күн жылы болса мамырдың басында да егуге болады. Бәрі ауа райына байланысты. Бақшамызды жыл сайын ауылымыздың маңындағы Телғара өзенінен арық арқылы суарамыз. Тамшылатып суару әдісін де қолға алуды ойлап отырмыз. Аудан орталығынан жылыжай салу да жоспарымызда бар. Күзде бақша өнімдерін ауылымызда, аудан орталығында сатамыз. Таза өнімді тұрғындар таласып алады. Ең бастысы, бау-бақшаға таза су мен ерекше күтім керек. Үйде жатып, бақша өсіріп жатырмын деуге болмайды. Күндіз-түні арам шөбін жұлып, қопсытып, өнімін тазалап отыруымыз керек. Бұл жұмыстарға отбасым көмектеседі. Жалпы ауылда еңбек еткен адам қор болмайды, — дейді шаруа.
Р.S. Халқы еңбекқор, жастары белсенді Ырғыздағы шаруаның жайы осындай. Алдағы уақытта ауданда су мәселесі шешілсе, шаруалардың жұмысы алға озбақ. Қазір жергілікті билік бұл мәселені шешуге баса назар аударып отыр.