Ақтөбе облысындағы Қалыбай ауылының тұрғындары ес білгелі қи мен көмір жағып келеді. Аудан орталығы - Ырғызға газ барғанымен, бұл ауыл әлі көгілдір отынсыз отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалыбай ауылының тұрғыны Күлән Әбділдинаның айтуынша, бүгінде бұл елді мекенде 50-ге тарта түтін бар. Оларда 250-ден астам тұрғын тұрады. Тұрғындар әлі күнге дейін жазда тезек, қыс айларында қи мен көмір жағып отыр.
Мен осы ауылға 1971 жылы келін болып түстім. Содан бері осында тұрамын, елді мекеннің тарихы мен жағдайын жақсы білемін. Ауылымызға осыдан 5-6 жыл бұрын ауызсу құбыры тартылды. Енді газ келсе екен деген тілегіміз бар. Ауылдың қыз-келіншектері от жағып, шаршады. Заман дамып жатқан кезеңде біздің әлі күнге дейін малдың қиы мен тезегін жағып отырғанымыз жанымызға батады. Сондай-ақ ауылымызға жаңа мектеп керек. Қазіргі жұмыс жасап тұрған мектебіміз өте ескі. Сонау 1970-жылдары салынған. Қазір мектепте 50 бала білім алуда. Былтыр 60 орындық мектеп салынады екен деп естігенбіз. Тіпті, биыл оны салатын жерін де белгілеп қойды. Алайда жаңа мектептің құрылысы басталмай жатыр, - дейді ауыл тұрғыны.
Күлән апаның айтуынша, ауылға клуб пен кітапхана, сондай-ақ саябақ қажет. Қазір мұнда заман талабына сай салынған медпункт пен төтенше жағдайлар бөлімшесі бар.
Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әділет Кенжебаевтың айтуынша, биыл Ырғыз ауданында бір ғана ауылға - Жармаға газ тарту жұмыстары басталады. Ал Қалыбай ауылына әзірге газ бармайды. 2024-2025 жылдарға арналған жоспарға бұл елді мекен кіргізілмеген.
Бүгінде Ырғыз ауданының 7 ауылдық округінде 18 ауыл бар. Оның 8-іне көгілдір отын берілген. Қалған он елді мекенде газ жоқ. Оның ішінде Қалыбай ауылына қашан газ құбыры тартылатыны белгісіз, - дейді бас маман.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаевтың айтуынша, бүгінде облыстағы 320 елді мекеннің 168-і немесе 52,5 пайызы газбен қамтылған. Адамдардың санына келсек, ақтөбеліктердің 95,5 пайызы немесе 886,5 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізіп отыр.
Былтыр облыста халық саны 6,9 мыңнан асатын 16 ауыл, атап айтсақ, Әйтеке би ауданында – Құмқұдық, Қобда ауданында - Бұлақ, Қосөткел, Ырғыз ауданында - Нұра, Аманкөл, Ойыл ауданында - Екпетал, Қарғалы ауданында - Әлімбет, Мәртөк ауданында - Қаратаусай, Байтұрасай, Қарабұлақ, Мұғалжар ауданында – Жаркемер, Мұғалжар, Жаңатұрмыс, Хромтау ауданында - Құдықсай, Қарлау, Шалқар ауданында Есет батыр ауылы газдандырылды. Ал биыл жалпы саны 2,2 мың тұрғыны бар 5 ауылға газ құбырын тарту жоспарлануда. Атап айтсақ, Байғанин ауданында - Қораши, Ырғыз ауданында - Жарма, Мұғалжар ауданында – Жарық, Темір ауданында - Алтықарасу, Еңбекші елді мекендері газдандырылады, - дейді Нұртай Сертаев.
Демек, биыл жыл соңында аталған жобалар жүзеге асырылса, облыс халқының 95,7 пайызы немесе 173 елді мекен газбен қамтылады. Қазіргі таңда өңірде 21 ауылды газдандыруды көздейтін 17 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, тағы 5 ауылды (Әйтеке би ауданының Сұлукөл, Айке, Тереңсай кентішілік желілері, Қобда ауданының Көк үй, Жиренқопа, 12-ауыл, Ойыл ауданының Ақкемер және Бестамақ ауылдары) газдандыруды көздейтін бес жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, биыл Ақтөбе қаласының көп бөлігін, қалаға іргелес елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды үздіксіз газбен жабдықтау мақсатында 43,1 млрд теңге қаржыға «Бұхара-Орал» магистральды газ құбыры тармағының үшінші тізбегін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаның мердігері - «Отау-Строй» ЖШС. Жобада өткізу қабілеті сағатына 526,5 мың текше метр болатын 165 шақырымдық газ құбырын салу көзделуде. Жоба биыл жыл соңына дейін аяқталуы керек.
Бүгінде облыста энергетика саласында өзекті болып отырған мәселе - Ақтөбе жылу электр орталығы жабдықтарының тозуы. Қазіргі таңда орталықтағы құрал-жабдықтардың орташа тозу деңгейі 41,5 пайызға жетіп отыр. Былтыр біз Ақтөбе жылу электр орталығы аумағында қуаты 57 МВт болатын кәдеге жарату қазандығы бар газ турбиналы қондырғыны пайдалануға бердік. Соның арқасында кәсіпорын жабдықтарының жалпы тозу деңгейі азайтылды. Сонымен қатар, 2023 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты аясында Ақтөбе жылу электр орталығы 2023-2027 жылдарға 4,9 миллиард теңгеге бекітілген инвестициялық бағдарламасын 22,5 миллиард теңгеге өзгертіп, қосымша іс-шаралар қабылданды. Жаңа инвестициялық бағдарламаға сәйкес негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу, қайта жаңарту жұмыстарынан бөлек, жаңа екі қазандық салу іс-шарасы қарастырылуда. Аталмыш іс-шараларды жүзеге асырсақ, біз Ақтөбе жылу электр орталығындағы жабдықтардың тозуын 2029 жылға қарай 41,5 пайыздан 36,2 пайызға дейін төмендетеміз, - дейді Нұртай Сертаев.
Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысының халқын газбен ғана емес, ауызсумен қамту да басты назарда тұрған мәселелердің бірі. Бұл орайда биыл басқарма тарапынан бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ал былтыр өңірде 926 мың адамның немесе облыс халқының 99,8 пайызын ауызсумен қамту үшін жан-жақты жұмыс жүргізілген. Қазір өңірдегі 300 елді мекен немесе тұрғындардың 99,7 пайызы таза су ішіп отыр.
Ақтөбе облысында 320 елді мекен болса, соның ішінде 283 (88,4 пайызы) ауыл ауызсумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 37 ауыл ұңғыманы пайдаланып отыр.Сондай-ақ облыстағы барлық 8 қала сумен жабдықталған. Ақтөбе қаласын сумен жабдықтау бойынша бес маңызды жоба жасақталуда. Бұл жобаларды жүзеге асырған жағдайда қалаға тәулігіне қосымша 70 мың текше метр су беріледі. Аталған бес жобаның ішінде бір жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылды. Жалпы, Ақтөбе облысындағы барлық ауыл биыл жыл соңына дейін орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылатын болады, - дейді Сертаев.
Айта кету керек, жуырда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында өңірдің энергетика саласына бюджеттен 5,4 млрд теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде 1,5 млрд теңге 11 елді мекенде су желілерін жүргізуді аяқтауға бөлінді. Сондай-ақ облыстағы кәріз-тазарту, жылыту жүйелері құрылысына, электр желілерін қайта жаңарту, абаттандыру жұмыстарына - 1 млрд теңге, Ақтөбе қаласындағы жолдардың пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында 11-шағын аудан мен Авиатор тұрғын алабында суағарлар құрылысын бастауға 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет елді мекендерді газдандыру үшін еліміз бойынша қосымша 195 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлаған болатын. Осы орайда Ақтөбе облысы 18 елді мекенді газбен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Басқарма мамандарының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды бастауға 729 млн.теңге қаржы керек. Ал 18 ауылға газ құбырын тарту үшін жалпы мөлшері 16 млрд теңге қаржы қажет.
Қорыта айтсақ, қазынадан қаржы бөлінсе, ауылдарға газ барады. Ал ауылдарда көгілдір отынның келуін күтіп отырған тұрғындар жетерлік...