Ақтөбе облысы елімізде алғаш болып IT-медицинаны дамытады

11 Ақпан 2023, 10:33
937
Бөлісу:
Ақтөбе облысы елімізде алғаш болып IT-медицинаны дамытады
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Фельдшер сөмкесі» жобасымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Фельдшер сөмкесі» - инновациялық медициналық жабдық. Шағын емхана қызметін атқара алатын сөмкеде арнайы планшет пен 8 түрлі анализатор бар. Оның көмегімен науқастың орналасқан жерінде электрокардиограмма, спирометрия, жалпы және егжей-тегжейлі қан анализі және т. б. сияқты зерттеулер жүргізуге болады. Нәтижелерді сараптап, ем-дом шараларын жүргізу үшін барлық деректер қашықтан білікті дәрігерлерге дереу жіберіледі. Жоба телемедицинаны кеңінен енгізуге ықпал етеді.   

Мұндай сөмкемен Ақтөбе облысындағы барлық ауылдарды қамту үшін 285 жабдық қажет. Алайда, бірінші кезекте 138-ін сатып алу жоспарлануда. Бір жабдықтың құны – 7,5 млн теңгені құрайды.   

Ақтөбе облысында 134 ауылдық округ бар. Барлығын «фельдшер сөмкесімен» қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдануда. Денсаулық сақтау саласын, ауылдарды дамыту мақсатында бірлесіп жұмыс істеп, аталған мәселені қаржылай қолдау үшін ауылдық аумақтарды дамыту  тұжырымдамасына енгізу қажет. Ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту – Мемлекет басшысының қойған міндеттердің бірі, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.   

Цифрлық даму министрі жобаның маңыздылығын айтып, оны өңірде жүзеге асыруға қолдау білдіретінін жеткізді. 

Ақтөбе облысы елімізде алғаш болып IT-медицинаны дамытады

 

Инновациялық сөмкелерді енгізу – бұл Президенттің үнемі айтатын телемедицинасы. Қазір, өкінішке орай, бізде әр ауылға жоғары білікті дәрігермен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. Сондықтан медициналық көмектің қолжетімділігі цифрлық технологиялар арқылы қамтамасыз етіледі. Цифрлық даму министрлігі аталған жобаны қолдайды. Бұл – халыққа керек нәрсе. Ұсыныс Үкімет басшысына жеткізіледі, - деп атап өтті Бағдат Мусин.   

Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев Ақтөбе облысында басталған жобаны өзге өңірлерде де енгізу керектігіне тоқталып, бұл тұрғыда министрлік тарапынан қолдау болатынын атап өтті.   Осылайша, ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артады.

Өзгелердің жаңалығы