Ақтөбе мен Қызылорда әуежайлары шетелдік инвестоларға берілмек

19 Желтоқсан 2023, 15:27
583
Бөлісу:
Ақтөбе мен Қызылорда әуежайлары шетелдік инвестоларға берілмек
Фото: BAQ.KZ - архив

Биыл отандық авиакомпаниялар 12 млн-нан астам жолаушыны тасымалдаған. Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

11 айда отандық авиакомпаниялар 12 млн 300 мың жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға жоғары. Жыл қорытындысы бойынша аталған көрсеткішті 13 млн- ға дейін жеткізу жоспарлануда. Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25%-ға артып, 24 млн жолаушыға жетті.  Айтарлықтай өсім Алматы және Астана әуежайларында байқалады, оларда биыл тиісінше рекордтық 9 млн (+34%) және 7 млн жолаушыға (+26%) қызмет көрсетілді, - деді Қарабаев.

Қарабаевтың айтуынша, әуежайларда өңделген жүк көлемі де ұлғайып, жыл басынан бері көрсеткіш 130 мың тоннаға өскенін айтты.

Әуе тасымалына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы жылдың наурыз айында Шымкент, мамыр айында Қызылорда және маусым айында Алматы қалаларындағы жаңа әуежай жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Аталған жұмыстарға 150 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды, - дейді Көлік министрі. 

Келесі жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі.

Бұл жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі болып табылады. Сондай-ақ, 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен рульдеу жолағын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталады, - деді ол.

Ол еліміздің әуежайларында мультимодалды орталықтар құру мақсатында қажетті құзыреті мен капиталы бар жеке инвесторларды тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. 

Оның аясында Астана, Алматы және Шымкент әуежайларына инвесторлар тартылып, ұшу-қону жолақтарын, жанармай құю кешендерін реконструкциялау, жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту жұмыстары кезең кезеңімен іске асырылып жатыр. Қарағанды әуежайында инвестор ұшу-қону жолағын және қажетті арнайы техниканы жаңғыртуды жоспарлап отыр. Ал Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын осы салада тәжірибесі бар жаһандық ірі инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізілуде, - деді ведомство басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы