Ақтөбе – Хромтау тасжолындағы жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталды

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскенің жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайды.

 Ақтөбе облысының әкімдігі 13 Шілде 2026, 02:34
13 Шілде 2026, 02:34
142
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Жібек жолы тұрғын алабынан басталатын Ақтөбе – Хромтау бағытындағы автожолда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Жоба жетекшісінің мәліметінше, қазіргі уақытта жолдың асфальт-бетон жабыны төселіп жатыр. Төменгі қабаты толық аяқталған. Сапа талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін жолдың беріктігі мен ұзақ мерзімді пайдалануын қамтамасыз ететін қиыршықтас-мастикалы асфальт-бетонның жоғарғы қабаты төселеді.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскенің жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жобаның 70 пайызы орындалған. Құрылыс жұмыстарын «Көквест» агрофирмасы» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге.

Жұмыстың сапасын Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мамандары тұрақты бақылауда ұстап отыр. Олар пайдаланылып жатқан материалдардың талаптарға сәйкестігін, төсеу технологиясының сақталуын және жол жабынының тығыздалу деңгейін тексеруде.

Бұл жол учаскесі Ақтөбе қаласы мен оған іргелес елді мекен тұрғындары үшін маңызды көлік бағыттарының бірі саналады. Жол жаңартылғаннан кейін қозғалыс қауіпсіздігі артып, жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптасады.

Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, жол сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Наверх