Ақтаулық сарбаз Ақтөбеде орналасқан №6655 әскери бөлімінде соққыға жығылғанын айтып, арыз түсірді. Осыған байланысты Ұлттық ұлан өкілдері қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.
Бұл туралы Lada.kz жазды.
ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, №6655 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбазға қатысты болған оқиға бойынша ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде тиісті құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін әскери қызметшінің анасы Гүлдана Кетибаева 18 жастағы ұлы Досымбеттің 3 шілдеден бастап Ақтөбедегі Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде әскери қызмет өткеріп жатқанын айтқан.
Әйелдің сөзінше, 4 қыркүйекте оған ауруханадан қоңырау шалып, ұлының үш күннен бері ауруханада жатқанын хабарлаған.
Алдымен сарбазды уролог тексерген. Алайда жүргізілген талдаулардан инфекция анықталмаған. Осыдан кейін травматолог шақырылып, Гүлдана Кетибаеваның айтуынша, дәрігер қуыққа қатысты мәселелерді алған жарақатпен байланыстыруы мүмкін екенін айтқан.
Дәрігермен сөйлескеннен кейін жас жігіт анасына әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын айтқан. Травматолог сарбазбен сөйлескеннен кейін полиция шақырған. Сарбаз полицияға арыз жазған.
Кейін анасымен бейнебайланыс кезінде сарбаз өзін аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеген.
Әскери қызметшінің анасы туыстарымен бірге шұғыл түрде Ақтөбеге бармақ. Әскери бөлім өкілдері журналистерге Досымбет Еркебұланның осы бөлімде қызмет етіп жатқанын және қазіргі уақытта ауруханада жатқанын растады.