Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақжігіт ауылы Бейнеу ауданына қарайды. 2600-дей адам тұратын елді мекенде негізгі табыс көзі – егін және мал шаруашылығы саласында.
Бейнеуден қашық қонған ауылдағы ұзақ жылдары шешімі табылмаған өзекті мәселенің бірі ауыз судың тапшылығы болатын. Халық көптен күткен жоба былтыр қолға алынды. Жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Жеңімпаз танылған мердігер мекеме осы айда айтылған уақытында құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап отыр.
Ақжігіт елді мекенінің әкімінің сөзінше, 2012 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасымен қаралған қаражат бірқатар көшеге құбыр тартып, тіршілік нәрін жеткізуге жұмсалған.
Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақжігіт -Майлы» бағытында ауыз су құбырын тарту жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды. Жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме өзіне жүктелген міндеттерді толық атқарып шықты. Қазіргі таңда осы құбырларды ауылымызда су шаруашылығын жүргізетін кәсіпорынға тапсыру жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті мекеме қабылдап алғаннан соң барлық көшеге су жіберіп тұрғындарды қуантатын боламыз, – деді Жандос Сәлиев.
Тақырыпты толықтыра кетейік, Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен жою үшін жалпы құны 282 млрд 500 млн теңгені құрайтын тоғыз жоба жүзеге асып жатыр. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қолданыстағы өндіріс орындарының қуатын 286 мың текше метрді жеткізу керек. Бұдан бөлек, Ақтау және Жаңаөзенде су тұщытатын зауыт салынады.
Тіршілік нәрінің әсіресе жаз айлары жетіспеушілігі мәселесі Мұнайлы мен Қарақия ауданында да жылда қайталанады. Осы елді мекендерге тіршілік нәрін Ақтаудың іргесінде тұрған «Каспий» зауыты береді. Кәсіпорын тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын тұщытуға қауқарлы. Алайда, аптап ыстық басталуымен сұраныс көбейеді. Сол уақытта судың осы көлемі жетпейді. Осы себепті қазір зауыттың жұмыс қуатын екі есе арттырып, 40 мың текше метрге дейін жеткізу жұмыстарының 2-ші кезеңі қолға алынды. Жаңа цех биыл күзге дейін іске қосылады деп күтілуде.
Күн ыстықта бір ғана Мұнайлы ауданынан сұраныс 16-17 мың текше метрге дейін жетеді. Зауыт осы мөлшерде су береді. Сондай-ақ Қарақия ауданына 1,5-2 мың текше метр суды артық жіберуді ұйғардық. Теңіз жағалауындағы демалыс орындарына да тіршілік нәрін бөлуіміз керек. Бүгінде кәсіпорыннан Түпқараған ауданына қарай құбыр тартылып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдары да тәулігіне 5-7 мың текше метр су алатын болады, - зауыттың бас инженері Жанна Байытова.
Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында да су тұщыту зауытын салу күн тәртібінде тұр. Мекеме іске қосылған жағдайда 80 мың текше метрге дейін тіршілік бөледі. Ал Ақтауда энергетикалық комбинатқа тәулігіне 24 мың текше метрге дейін су тұщытатын қондырғылары орнатылады деп жоспарланған. Бұл бағытта 18,6 млрд теңге жұмсалуы тиіс.