Ақтауда жоғалған баланы ұландықтар анасына табыстады

29 Қазан 2022, 14:06
1043
Бөлісу:
Ақтауда жоғалған баланы ұландықтар анасына табыстады

Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінің сарбаздары жарты сағат ішінде жоғалған 5 жасар баланы ата-анасына тауып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 27 қазан күні сағат 18.30 шамасында Ақтаудың «Набережная» ауданында орын алды.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау қызметін атқарып жүрген жауынгерлерге қала тұрғыны келіп, бес жасар ұлын таба алмай жүргенін айтады.

Азаматшаның өтініш бойынша әскери жасақтар бағдар алып, шұғыл іздеуге кіріседі. Арада жарты сағат өткенде әскери жасақ бастығы Азамат Исағабылов, патрульдеуші жауынгерлер Қамшатбек Науанов пен Қадыржан Хамидуллин жылап жүрген баланы байқайды. Жақындап сұрастыра келе, оның адасып жүргенін анықтайды.

Әскери қызметшілердің жедел әрекеттерінің арқасында табылған бала жақын маңдағы полиция пунктіне жеткізілді. Баласымен аман-сау қауышқан ана тәртіп сақшыларына шексіз ризашылығын білдірді.

 Өз күшімізбен таба алмай жүргенде, салым суға кетіп, шарасыз күйде болдым. Бар үмітім әскери қызметкершілерде болды. Ұлымды жылдам табуға және кп ұзамай қауышуға көмектескен ұландықтарға жедел әрекеттері үшін үлкен рахмет айтамын!, - деді қуанған ана.

Қызмет барысында қырағылық пен кәсіби біліктілік танытқан сарбаздар 6656 әскери бөлім командирінің құқығымен көтермелеуге ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы