Ақтауда Транскаспий өзара байланысын дамыту бойынша министрлердің кездесуі өтіп жатыр

25 Қараша 2022, 15:45
897
Бөлісу:
Ақтауда Транскаспий өзара байланысын дамыту бойынша министрлердің кездесуі өтіп жатыр
PHOTO

Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға арналған іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркияның сыртқы істер министрлері және көлік мәселелеріне жауапты министрліктердің басшылары қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүктерді тасымалдаудың бірнеше есе өскенін атап өтіп, аталған халықаралық маршруттың өткізу қабілетін кеңейту үшін Қазақстан тарапынан қабылданған шаралар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, биыл 10 айдың көлемінде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы ТХКБ бойынша шамамен 1,5 млн тонна тасымалданған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте контейнерлік тасымалдау көлемінің өсу серпіні 55 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ Қ.Өскенбаев қазіргі уақытта ТХКБ көлік инфрақұрылымы 6 млн тоннаға жуық, оның ішінде 80 мың жиырма футтық эквивалент тасымалдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ақтауда Транскаспий өзара байланысын дамыту бойынша министрлердің кездесуі өтіп жатыр

Жүктерді тасымалдау көлемінің күрт өсуімен маршрутта «тар жерлер» анықталды. Осыған байланысты мүдделі елдер арасында 2022-2027 жылдарға арналған «тар жерлерді» синхронды жою және орта дәлізді дамыту жөніндегі Жол картасын құру бастамасы көтерілді.

ҚР ИИДМ басшысы аталған маршруттың өткізу қабілетін кеңейту мақсатында теміржол желісі мен порт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ порттардың акваторияларында теңіз түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

 Контейнерлік паркті және жеке паром флотын толықтыру, сондай-ақ шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету мәселелері қарастырылуда. Қазақстан бір апта бұрын Достық-Мойынты учаскесінде ұзындығы 836 шақырым екінші жол құрылысын іске асыруға кірісті, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада үшінші шекара өткелін ашу және Бақты-Аягөз жаңа теміржол желісін салу мәселелері пысықталды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Қаражаттың 80 пайызын Еуразиялық даму банкі, ал 20 % - «Қазақстан темір жолы» АҚ береді деп жоспарлануда, – деді министр.

Ақтауда Транскаспий өзара байланысын дамыту бойынша министрлердің кездесуі өтіп жатыр

Бұдан басқа, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ кеден және сауда процестерін цифрландыру үшін сингапурлық PSA International компаниясымен өзара іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта PSA International және ҚТЖ қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында KPMC Ltd еншілес компаниясы құрылды.                                                        

Жол картасында көрсетілген іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай дәліз бойынша өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы