Ақтауда теңіз жаяу әскерінің 400 жауынгері ант берді

20 Мамыр 2023, 19:40
1260
Бөлісу:
Ақтауда теңіз жаяу әскерінің 400 жауынгері ант берді

Ақтауда теңіз жаяу әскерінің 400 жауынгері Отанға адал болуға ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты ант қабылдау рәсімі әскери бөлімнің саптық алаңында өтті. Іс-шараға барлығы мыңнан аса адам қатысты.

Олардың ішінде Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, жергілікті билік органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындары бар.

Ант беру – мемлекетке және оның халқына адал болуға серт беру. Бұл әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Әскери істі мұқият әрі нақты түсіну – Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайту деп білемін. Осы жолда сендерге сәттілік тілеймін, – деді әскер қатарын толықтырған сарбаздарға бригада командирі подполковник Жаннұр Сатқынов.

Еліміздің әр өңірінен ұлдары мен бауырларын осындай маңызды күнмен құттықтауға туыстары келді. Теңіз жаяу әскерлері бригадасының қазіргі әскерге келген құрамында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Түркістан облыстарының сарбаздары бар екенін айта кетелік.

Отан қорғаушының миссиясы – абыройлы әрі өте жауапты. Сондықтан сендер жаңа нәрсені үйренуге ынталы болыңдар, табандылық танытыңдар. Сендерді қашанда мақтан етеміз, ел қорғаны болатындарыңа сенім мол, – деп атап өтті қатардағы жауынгер Қуанышбек Жамбыловтың анасы Қияш Сүлейменова.

Әскерге келген соң бір ай бойы сарбаздар жас жауынгер курсынан өтіп, оның барысында саптық, дене шынықтыру дайындығының негіздерін, жалпы әскери жарғылардың талаптарын зерделеп, полигонда практикалық атыстарды орындады.

Бұл күнді өмір бойы есімде сақтаймын. Рәсімді сырттан көру бір бөлек, ал ант сөздерін алаңда жиналған көпшілік алдында айту мүлде басқа екен. Осы сәтте ерекше толқығаным рас, дегенмен бойымды мақтаныш кернеп, үлкен жауапкершілікті сезіндім, – деді қостанайлық Денис Балюк.

Одан өзге шараға қатысушыларға арнайы қоян-қолтық ұрыстың элементтерін, қару-жарақ дефилесі де көрсетілді және әскери қызметшілердің шығармашылық тобы концерт қойды.

Рәсім аяқталғаннан кейін экскурсия ұйымдастырылды. Келген қонақтар сарбаздардың қызмет жағдайымен танысып, қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін көрді. Олар сондай-ақ басшылыққа көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Мерзімді қызметін аяқтаған әскери қызметшілер білім беру жеңілдіктерін пайдаланып, ҰБТ тапсырусыз азаматтық немесе әскери жоғары оқу орындарына түсе алады. Сонымен қатар жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртіпті көрсеткен сарбаздар білім ордалары берген грант бойынша тегін оқитын болады.

Өзгелердің жаңалығы