Ақтауда Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен оқу-жаттығуы өтті

12 Тамыз 2023, 23:45
995
Бөлісу:
Ақтауда Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен оқу-жаттығуы өтті
Фото: gov.kz

«Қанжар-2023» бірлескен жедел-тактикалық арнайы оқу-жаттығуы Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел-тактикалық арнайы жаттығудың белсенді кезеңін екі елдің қорғаныс министрлері генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Баходир Құрбанов бақылады.

Компьютерлік командалық-штабтық оқу-жаттығу түріндегі бірінші кезең тамыз айының басында Өзбекстанда өткен болатын. Ақтау гарнизонының «Оймаша» оқу полигонының базасында өткен екінші кезеңде практикалық іс-қимылдар күндіз де, түнде де жоғары ауа температурасы мен шаңды табиғи-климаттық жағдайларда пысықталды.

Оқу-жаттығу жоспары бойынша өңірде халықаралық террористік ұйымдардың жұмысы жанданып, олар есірткі трафигін қамтамасыз ету үшін тірек базаларын, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймаларын тұрғызады.

Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің біріккен тактикалық жасағына заңсыз қарулы құралымдарды анықтау, оларды оқшаулап, көзін жою міндеті қойылды.

Барлау-іздестіру шаралары барысында содырлар базасының бірі анықталды. Арнайы күштер басқару пунктіндегі оқу-жаттығу қолбасшылығына нысанның сипаты туралы мәліметтер берді. Авиакөздеушілер ұшқыштарға нысанның нақты орналасқан жерін жеткізді. Арнайы күштердің екінші тобы армиялық авиацияның қолдауымен содырлар базасына шабуыл жасап, шартты жаудың көзін жойды.

Сонымен қатар оқу-жаттығуда жаудан алшақтау, торуыл жасау, елді мекенді күндіз шабуыл жасағымен босату және ұстап тұру, түнгі шайқаста содырлардың көзін жою эпизодтары пысықталды.

Шынайы ұрыс жағдайында өткен оқу-жаттығуға жаяу әскер жауынгерлік машиналары, артиллериялық және зениттік кешендер, Ми-8, Ми-35 тікұшақтары, СУ-30 СМ ұшақтары және Skylark 1LЕX ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды.

Бірлескен жедел-тактикалық арнайы оқу-жаттығу террористік қатер туындаған жағдайда әрекет етудің бірыңғай алгоритмін әзірлеуге және Орталық Азия өңірінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы