Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды

4 Ақпан 2020, 22:30
2359
Бөлісу:
Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Бүгіннен бастау алып, 2 күнге созылатын бәсекеде 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер 10 салмақ дәрежесінде белдесуге түседі. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлады.

Маңғыстау облысында осыған дейін бірнеше рет ел біріншіліктері, спартакиадалар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Ал бүгінгі дүбірлі доданың мән-мағынасы ерекше. Өйткені қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Оған дәлел - қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастағаны. 

Бұл жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және де 14 облыс құрама командаларынан 500-ден астам спортшы бақ сынасуға ниет білдірді. "Маңғыстау-Аренада" өтетін жарысты тамашалаймын деушілер үшін барлық жағдай жасалған, - деді Маңғыстау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жұмабаев.

Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясы өзге өңірден келген балуандарға Маңғыстау облысының өлкетану мұражайы және Әбіш Кекілбаев атындағы музейді таныстырып, сондай-ақ теңіз жағалауына серуендеу шараларын ұйымдастырды.

Бүгінде өңірде қазақ күресімен 4014 палуан, оның ішінде 2815 спортшы ауылдық елді мекендерде шұғылданады. Облыс көлемінде 46 жаттықтырушы бар білгенін балаға үйретсе, үйірмелер саны 82-ге жеткен.

Өзгелердің жаңалығы