Ақтау маңындағы Каспий теңізі акваториясында серуен катері жартасқа соғылды. Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы ақпарат 30 тамыз күні кешке сағат 22:56-да түскен. Қайғылы жағдай 5А шағынауданы аумағында болды.
Катер бортында жеті адам болған.
«Құтқару операциясы кезінде бес адам жағаға шығарылып, дәрігерлерге тапсырылды», – деп жауап берді ведомство редакцияның сұрауына.
Алдын ала мәлімет бойынша, тағы екі адамда құтқару жилеті болмаған. Іздеу-құтқару операциясы барысында олардың денесі жағадан шамамен 500 метр қашықтықта судан табылды. Құтқарушылар қаза тапқандардың денесін судан шығарып алды.
Іздеу жұмыстарына бірнеше қызмет тартылды
Құтқару операциясына ТЖД-ның 35 қызметкері, төрт арнайы техника және төрт жүзу құралы қатысты.
Сондай-ақ оқиға орнында 10 полиция қызметкері мен төрт техника бірлігі, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел медициналық жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді.
Соқтығысудың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.