Ақтауда жүкті әйелдерге арналған жәрдемақыны "рәсімдеген" бухгалтер сотталды

Ақтауда бухгалтер жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы мемлекеттен 146 млн теңге заңсыз алған. Instagram арқылы схема құрған күдіктіге сот үкім шығарды.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 09:47
Бүгiн 2026, 09:47
318
Фото: istockphoto.com

Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы мемлекеттен ірі көлемде қаржы жымқырған алаяқтық схема әшкереленіп, сот үкімі шықты.

Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде бухгалтердің әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өзінің кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік жәрдемақыларды негізсіз көбейту жолдарын ұсынған. Ол Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге көмектесетін маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға уәде берген, - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Жалған кәсіпкерлер арқылы құрылған схема

Алаяқтық схеманы іске асыру үшін бухгалтер туыстары мен таныстарының атына бірнеше жеке кәсіпкер тіркеген. Алайда бұл кәсіпкерлер іс жүзінде ешқандай қызметпен айналыспаған.

Ол жеке кәсіпкерлер мен тартылған тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, еңбек шарттары, есеп айырысу тізімдемелері және өзге де бухгалтерлік құжаттарды әзірлеген. Нәтижесінде, уәкілетті органдарға азаматтардың ресми түрде жұмыс істеп жатқандай жалған мәлімет ұсынылған, - делінген ҚМА хабарламасында.

Осылайша, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған негізде жүкті әйелдерге төленетін әлеуметтік жәрдемақылар негізсіз жоғары мөлшерде тағайындалған.

146 млн теңге залал келтірілген

Тергеу барысында кейбір кәсіпкерлердің төлемдерді алған соң бұрын аударылған зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтаруды рәсімдегені белгілі болды.

Аталған заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 146 миллион теңгені құрады.

Қылмыстық табысқа алынған мүлік тәркіленді

Тергеу кезінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған үш бөлмелі пәтер анықталып, оған тыйым салынды.

Сот үкімімен айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, аталған пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген.

Наверх