Ақсу ауданындағы шикіліктер

28 Қыркүйек 2023, 12:28
725
Бөлісу:
Ақсу ауданындағы шикіліктер
Фото: Артём Чурсинов - архив

Ақсу ауданың әкімі Берік Тыншбаев облыс әкімі Бейбіт Исабаев берген тапсырмаға салғырт қараған. Мәселен, суару желілерінің 60 пайызы ғана жаңартылған, ауданда картоп, көкөніс қоймасы жоқ, сүт өндіріс төмен, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Егістікке тыңайтқыш толық жетпеген

Иә, Ақсу ауданындағы кемшіліктерді жіпке тізе берсеңіз таңға созуға болады. Күні кеше өңір басшысы Исабаев ақсулықтармен кездескенде жоғарыдағы мәселелердің шешілмегенін айтып, аудан әкіміне ескерту берді.

Ауданда себілген 2,6 мың га картоп пен көкөніс-бақша дақылдары толық жиналған. Өнім көлемі 46,3 мың тонна. Енді осы өнімді сақтар қойма жоқ. Бұған дейін аудан әкімдігіне картоп, көкөніс қоймасын салуға тапсырма берілген, бірақ әлі күнге мәселе шешімін таппай келеді. Одан бөлек қант қызылшасы бойынша егіс жоспарының орындалуын ерекше бақылауға алып, шаруашылықтарды тұқым, тыңайтқыш және техникамен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған. Әйтсе де бұл мәселе де шешімін таппаған.

Облыста 8,5 мың гектарға қант қызылшасы егілді. Осыған сәйкес қант қызылшасы ауданда жоспарға сәйкес 1200 гектарға себілді, алайда бұршақ және үсікке шалдығу салдарынан 233 га егілді немесе жалпы алаңның 20 пайыз орнына соя егілді. 967 гектардан өнім жинау жоспарлануда. Қызылша өсіруші 55 шаруашылыққа көктемгі дала жұмыстарына күзгі өнім есебінен Көксу қант зауыты арқылы 210,5 млн.теңге бөлініп, оның 133,2 млн.теңгесіне жоғары сапалы тұқыммен толық қамтылды, қалған 77,3 млн теңгесі әр гектарға 100 мың теңгеден қаржылай қолдауға берілді. Осы қолдауларға қарамастан шаруашылықтар минералды тыңайтқыштың қажетті көлемінің 32 пайызын ғана қолданған, - дейді Исабаев

Яки, қажетті тыңайтқыш 576 тонна болғанымен, жауапты 10 шаруашылық 183 тонна ғана қолданған. Бқл өнім көлеміне әсер ететіні даусыз. Бұл да аудан әкімдігінің салғырт әрекеті.

Жалпы, 33 мың тонна тәтті түбір жиналып, Ақсу қант зауытына өткізіледі. Өздеріңізге белгілі, соңғы үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтті. Бүгінгі күні 21 мың тонна қызылша қабылданды, ақ қант қазан айының 5-нен шыға бастайды. Қант қызылшасының бір тоннасының бағасы 40 мың теңге, оның 25 мың теңгесі субсидиялау болса, 15 мың теңгесі зауыт тарапынан төленеді. Бұған қоса, тасымалдау шығынына орташа есеппен шақырымына 2 мың теңгеден төленеді.

Суару желілерін жаңарту жұмысы тоқтап тұр

Ауданның суару желілерін қайта жаңарту жобасы 6,3 млрд.теңге бөлінген, бүгінде оның 3,8 млрд. теңгесі игерілген. Ислам даму банкі қаражаты есебінен 2019 жылы басталған жұмыс, 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда, межеленген жұмыстардың бүгінгі күнге 60 пайызы ғана орындалыпты. Мердігер «Тамас» ЖШС нысанды аяқтау мерзімін жыл сайын ауыстырып отырған. Мәселен, 2022 жылы аяқтауға уәде етіп, артынан биыл бітіріп беруге келіскен. Бірақ қазір жұмыс тоқтап тұр.

Тапсырыс беруші «ҚазСуШар» мен мердігер арасында түсініспеушілік туындап отыр. Бұл мәселені шешу үшін біз өз тарапымыздан жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне нақты ұсыныстар енгізетін боламыз. Анықтама: жоба бойынша 353,8 шақырым болатын 111 суару арналарын жөндеуден өткізу қарастырылған, қалпына келтірілетін және жақсартылатын аумақ – 11548 га. Қызылағаш суару массивінің құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1,4 млрд.теңге қаражат бөлінді. Жобаның жалпы құны 8,9 млрд.теңге. Жобаға сәйкес ұзындығы 100 шақырым болатын жаңа суару желілерін салу көзделген, оның бүгінгі күнге мердігер «Алматыинжстрой» акционерлік қоғамы 23 шақырымын қазып, 13-не полиэтилен құбырларын төседі.Жалпы бұл жоба 2025 жылға дейін іске асырылатын болады, нәтижесінде 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер ауданда айналымға енгізіледі, - дейді аудан әкімдігі.

Ал, мал шаруашылығы бойынша 8 айда ауданда төрт түліктің саны мен ет өндірісі артқанымен сауылған сүт 1,2 пайызға төмендеген. Нақтылап айтсақ, 32,9 мыңнан 32,5 мың тоннаға кеміген. Бұл аудандағы «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС-нің сүт фермасының тиімсіз жұмысының салдарынан орын алып отыр. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Николай» ШҚ-ның 150 басқа арналған фермасы сүттен етті бағытқа ауысуына байланысты тоқтап тұр. Былтыр «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС 340 тонна сүт өндірген. Серіктестік биыл тек дәндік жүгері себумен ғана шектелген екен.

Ауданның ветеринариялық қызметін жақсарту мақсатында 2023 жылы 520,7 млн.теңге қарастырылған. Осы жылдың қазан-қараша айларында Арасан, Ақсу, Сыртанов ауылдық округтерінде кұны 35,8 млн. теңгеге модульдік ветеринариялық пункттері қолданысқа беріледі және пункттер 2 бірлік автокөлікпен (15,0 млн. теңге) және 10 компьютер жиынтығымен қамтамасыз етілді, сондай-ақ «VET-MOBILE» мобильді қосымшасын іске асыру үшін 12 планшет сатып алынады.

Осындай қолдауларға қарамастан жылдың басынан облыс бойынша аса қауіпті аурулардың 15 ошағы тіркелген. Оның бесеуі Ақсу ауданында Ақсу, Арасанауылдық округнде – құтыру, пастерелиоз, Сырттанов ауылдық округінде – листериоз, барлығы 11 бас ірі қара малы шығын болған.

8 шаруашылықтың 3-еуі ғана жерін мемлекетке қайтарған

Жер мәселесі әлі де өзекті тақырып. Мәселен ауданда былтыр 219,4 мың га пайдаланбай жатқан жер анықталған. Оның 66 мың гектарында шаруашылықтардың мал бастары бірдейлендіру базасына тіркелгендігі анықталып, қайта айналымға енгізілген. 113,2 мың га бойынша жер иелеріне анықталған заң бұзушылықтарды жоюға бір жылға нұсқама беріліпті. Енді оның орындалуын тексеру қараша айынан басталады.

2022-2023 жылдары 95,8 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның ішінде 35,7 мың га заңсыз өткізілген конкурстардан қайтарылып, жаңа конкурстарға шығару арқылы қайта айналымға енгізілген. Былтыр өңір басшысы 31,1 мың га жерді пайдаланбай отырған 8 ірі шаруашылықтың жерін қайтаруға тапсырма берген еді. Алайда тек қана үш ірі шаруашылықтың 24,3 мың га мемлекет меншігіне қайтарған екен.

«Байсерке Агро» ЖШС – 15 мың га, «Күреңбел» ЖШС – 7,7 мың га, «Атабаева» ШҚ - 1,6 мың га, қалған жер иелеріне былтыр ескертулер берілді, осы жылдың қазан айында жерді мемлекет меншігіне қайтару шаралары қабылданатын болады. Атап айтсақ, «Нұрболат Көлдебаев» ШҚ - 1,8 мың га, «Нұрғалым Байданова» ШҚ - 1,9 мың га, «Камила-Капитал» ЖШС-і - 1 мың га, «Дариға Исабекова» ШҚ - 1 мың га, «Бағлан Исабеков» ШҚ - 1,1 мың га». Қазіргі таңда аудан бойынша ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылықтағы малдарын жаюға 195 мың га жайылымдық жер бекітіліп берілді, - деді Бейбіт Исабаев.

Бүгінде ауданда жайылымдық жерге әлі де тапшылық бар. Сол себепті осы мәселе шеңберінде талдау жасап, жерге мұқтаж жандарға үлестіру шаруасы өзекті болып отыр. Жердің қажеттілігі жоғары ауылдарға бөліп беру жұмыстарын ұйымдастыру керек.

Ақсуда қант зауытынан асқа үлкен өндіріс орны жоқ. Сондықтан қант шаруасы бірінші орында тұрады. Өздеріңізге белгілі, Ақсу зауыты көп жыл тұралап тұрды. Енді іске кірісіп жатыр. Маңайдағы ауылдардың жәй-күйі көңіл алаңдатады. Көбінде жол апасы нашар, орталыққа қатынау қиын. Былтыр аудан жалпы көрсеткіште төмен нәтиже көрсетті. Ол заңды да. Егін шаруасында судың жетіспеушілігі үдеп барады. Малдан басқа айналысар халықтың шаруасы қалмады. Соған орай жайылым жер жетіспеуде. Жалпы біздің ауданға мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет. Инвестор тартуда мүлдем әрекет көрінбейді, - дейді ақсулық зейнеткер Қойшығұл Ауданбаев.

Осыған дейін облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесуде көтерілген 12 сұрақтың, тек 4-еуі ғана шешімін тапқан. Ақсу ауданы әлі де өңірдегі ең осал аудандардың біріне жатады.

Өзгелердің жаңалығы