Ақшасы жоқ адамдарды аяп, кейде тегін беремін - базар сатушысы

7 Желтоқсан 2023, 13:19
711
Бөлісу:
Ақшасы жоқ адамдарды аяп, кейде тегін беремін - базар сатушысы
Фото: автордан

Алматы базарларында ауыр арбасын сүйреп, шай мен салқын көжесі арқылы адал ақша тауып жүрген аналарды көзіміз жиі шалады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еңбек адамдарының қоғамдағы орнын ерекше атап өткен болатын. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі базарда су, шай, тәтті сататын Базаркүл Нұрғалиевамен сұхбаттасты. 

- Жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз. Күніңіз қалай өтеді? 

Алғашқы жылдары арба сүйреп, күн көру біртүрлі көрінетін. Нәзік жанды болған соң, қиналатын едім. Ал қазір үйреніп алдым. Өз жұмысымды жақсы көремін. Күнделікті жұмысым сағат 6.00-8.00-ге дейін жалғасады. Дегенмен жұмысқа таңғы сағат 5.00-те тұрып дайындаламын. Алдымен суды ысытып, керек-жарақты сатып аламын. Осылайша жұмысқа бірден кірісеміз. Мен адамдарға шай ғана ұсынбаймын, самса, бәліш, тәттілерді де күн сайын шәймен бірге сатып алуына болады. Бұларды бұрын жас кезімде пісіретінмін, ал қазір жас келген соң, дайын күйінда сатып аламын. Қарап отырсам, базарда сауда жасап жүргеніме 15 жылдан астам уақыт өтіпті. Әртүрлі адамдарды көресің, олардың көңіл-күйі мен қуанышына ортақтасасың. Жұмысым қызық әрі адамдардың ортасында көңілді өтеді деп айта аламын. Адамдар қиналған сәттерде мұңын айтса, тыңдап демеу боласың. 

- Жұмыс барысында әртүрлі адамдарды кездестіремін дедіңіз. Осы жайлы ашығырақ айта кетсеңіз.

Иә, біздің жұмыста әртүрлі жағдайлар мен адамдарды кездестіресің. Күні кеше осы маңайда бір адамның жағдайы ауырлап, құлап қалды. Қасына барып, жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсеттім. Сөйтіп, әлгі адам емделіп шығып, алғысы ретінде шоколадын алып келіпті. “Көп рахмет, бәлкім, сіз болмасаңыз, жағдайым қиындап, о дүниелік болып кетер ме едім, ұзақ жасаңыз” деп ыстық лебізін білдірді. Бұндай жағдайлар жиі болмаса да, 15 жылдық тәжірибемде кездесті. Бұдан бөлек, кейбір адамның қаржысы болмайды, сол кездерде аяп, тегін беремін. Енді бірінің теңгесі жетпей қалады. Қазір ақшаны онлайн аударады ғой, сол кездерде адамдарға сенбей, қадағалау деген болмайды екен. Себебі мен адамдарға сенемін. Егер оның ақшасы болса төлер еді, бола тұра төлемесе, өз ұятына деп қоя беремін. Бір күні сатып алушым: “ Апай, ақша жібердім, түсті ме? Неге қарамайсыз, сізді алдап кетеді деген қорқыныш болмай ма?” дейді. Мен болсам, құдай барлығымыздың есебімізді түгендейді. Егер ол адам аудармаса, ол ақша маған қайырлы болмағаны деп жауап қатамын. Адам болғаннан кейін кейбірі көңілін тарқатады, әңгіме айтып, уайымды жеңуге өзімше көмек беремін. Өзім жалғыз тұрғаннан гөрі адамдармен әңгіме айтып, күніңді көңілді өткізуге не жетсін. 

- Қаржы демекші, соңғы уақытта табыс көзіңіз төмендеп кетпеді ме? 

Бұрындары күндік ақшамыз едәуір көп болатын. Себебі сол уақыттарда шай мен бәлішті тек қана біз сататын едік. Қазір арнайы дүңгіршіктер көбейген, былайша айтқанда, бәсекелестік артты. Адамдар да далада шай ішуді жөн көрмейді. Соған қарамастан, әйтеуір, күнделікті өмірімізге жететін қаражатты табамыз. Өзім осы базардың маңайында жалдамалы пәтерде баламмен бірге тұрамын. Табысым өмір сүруіме жетеді. “Әр заттың алатын өз иесі бар” демекші біздің шайға да сұраныс бар. 

- Қазір ауа райы салқындап бара жатыр, саудаңыз бен денсаулығыңызға әсер етпей ме? 

Жыл сайын күн райы жылынып келеді. Бұрындары қыс қараша айында түсетін. Қар болған соң суық болып, тұра бергеннен ауырып қалатын едім. Ал қазір қыстың алғашқы айы болса да, күн жылы. Алматыда жаңбырдың жиі жауғаны қолайсыздық танытатын. Дегенмен қазір базарлар да жабдықталып, жылы болған. Бұл да сауда жасауға ыңғайлы болды. “Әр істің қайыры бар” демекші қыстың суығы мен жаздың ыстығына қарамастан, осы жұмысты істеп жүрміз. Әрі осы жұмысымның барына да қуанамын.

Өзгелердің жаңалығы