Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақша орнына соққы алған атыраулықтың жағдайы аса ауыр

19 Маусым 2025, 18:29
485
Бөлісу:
 ашық дереккөздерден
Фото: ашық дереккөздерден

Атырауда досынан 30 мың теңге көлеміндегі қарызын қайтарып алуға барған 1985 жылғы ер адам ақша емес, соққы алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Медициналық мекемеге жүгінген оның жағдайы нашарлап, қазір медикаментозды ұйқыда жатқан көрінеді. Туыстары күдікті жазадан сытылып кете ме деп алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл жағдай 18 маусым күні түскі сағат 12:00-13:00 шамасында Атырау қаласының іргесіндегі "Балауса" ықшамауданында болған. Зардап шеккен 1985 жылғы ер адамның әйелінің сөзіне сенсек, күдікті мен зардап шегуші бірлесе жұмыс істеген. Күдіктінің жолдасына 30 мың теңге қарызы болыпты. Осы уақытқа дейін берешегінен жалтарып жүргендіктен, үйіне сөйлесуге барыпты. Ақшаны талап еткені үшін ашуға мінген күдікті Р. Жолмағамбетовты соққының астына алыпты. Сол уақытта азаматтың әйелі мен үш баласы көлікте отырып, бұл келеңсіздікке куә болған. 

Осы уақытқа дейін қанша мәрте ақшасын сұрап хабарласты. Бірақ бермей жүрді ол. Сол күні жолай кетіп бара жатқасын, үйі жақын маңда болғандықтан кіріп, сұрап шығайыншы деп ойлады. Барып есігін қаққанда әйелі ғана бар екен. Қазір келетінін айтты күйеуінің. Есік алдында тұрғанда көлігімен қатты жылдамдықпен келіп тоқтады. Кейін ашуға мініп жолдасымды ұра бастады. Алғашында құрдастар ғой. Әзілдесіп тұрған болар деп ойладым. Алайда құлап, аузынан қан ағып жатқанын көріп, ешқандай да әзіл еместігін түсіндім. Үш баламның көзінше аяусыз соқты кәдімгідей. Қатыгездікпен соқты. Мен сасқанымнан ана жерде видео түсіру түгілі, балаларымды да көлікке отырғыза алмай қалдым. "Папа" деп еңіреп жылап жүрді олар да, - дейді науқастың әйелі Анаргүл Муғзарова. 

Анаргүл Муғзарова жұдырық ала жүгірген екі еркекті әрең дегенде тоқтатып, көлікке отырғызғанын айтады. Соққының астында қалса да, тұра сала көлік тізгініне отырған күйеуі теміртұлпарды сол күйі жүргізіп кете берген. Сәлден кейін өзін жайсыз сезініп, жүрегі қысылғанын айтыпты. Әйелі сол жерде тоқтатып, жедел жәрдем шақырыпты. 

Шок болды өзі де. Қалай кеткенін білмей қалды. Сосын тоқтады. Сол жерге жедел жәрдем мен ағайындарын шақырдым. Ауруханаға әкелдік. Әкелгенде бір дәрігер қарады да, басқа жақтағы ана Сарыөзектегі лор дәрігеріне жіберді. Аппараттың бәрі облыстық ауруханада, бұл жерде неге тексермегендерін мүлде түсінбедім. Кеше кешке дейін жатты. Қайта осында әкеліп тексерген кезде өңеші жыртылған, жағдайы ауыр деп, өлім аузына барған кезде ғана жатқызып тұр облыстық ауруханаға. Енді бүгін ота жасалды түске дейін. Бірақ ешқандай өзгеріс болады немесе жақсы болады дегенді ести алмай тұрмын. Өте қиын деп тұр жағдайы. Ұрған жігіт хабарласқан жоқ. Кеше 72 жастағы шешесі мен өзім үйіне бардық. Мүмкін кешірім сұрар деп. Алайда ешқандай кешірім сұраған жоқ. Өзімізге бас салды. Шарасыз күйдемін. Жолдасым бір отбасын асырап отырған адам. Аман қалса деймін. Жазасын алсын деймін ұрған адам, - деді жіберленушінің әйелі. 

Облыстық аурухана дәрігерлері науқастың жағдайы аса ауыр деп отыр. Оңалып кетуі, яки жалпы не күтіп тұрғаны жөнінде ештеңені ашып айта алмады. 

Өте ауыр жағдайда түскен болатын. Түскен кезде диагнозы жедел түрдегі өңештің үштен бір бөлігінің жарақаты болды. Яғни жарақаттың әсерінен өңеш жыртылған. Бүгін 1 сағат ота жасалды. Хирургиялық ем жүргізілді. Аппаратпен демалып жатыр. Жағдайы өте ауыр. Медикаментозды ұйқыда жатыр. Қазір басқа ештеңе айта алмаймын. Қалған жағдайы мамандармен бірге ақылдасып шешілетін болады. Өңештен басқа еш жерінде ауру белгілері жоқ. Ең маңызды жарақаты сол, - дейді Облыстық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Дархан Жақсылық. 

Құзырлы органдар фактіге қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. 

18 маусым күні Атырау қаласында 1985 жылғы ер адамды ұрып-соғу дерегі болған. Қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ 1985 жылы туған күдікті ұсталып, жауап алынуда. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамалары тағайындалды. Сараптама нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, - дейді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет. 

Енді жәбірленушінің жағдайы не болары белгісіз. Ал оның туыстары кінәлі тұрғын тиісті жазасын алсын деп отыр. Күдіктінің тағдыры тергеу аяқталғанда ғана белгілі болады. Науқастың беті бері қарамаса, жағдайы тіптен қиындайтын сыңайлы.

Өзгелердің жаңалығы