Әлемдік мұнай нарығында баға төмендеу үрдісі байқалды. Дүйсенбі күні инвесторлар пайдасын бекітуге көшкендіктен, мұнай құны бір баррель үшін 1 доллардан астам арзандады. Бұған АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялауға дайындалуы себеп болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Лондондық ICE биржасында Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,23 долларға немесе 1,3 пайызға төмендеп, барреліне 93,16 доллар болды, деп жазады Reuters. Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайдың бағасы 1,36 долларға немесе 1,6 пайызға арзандап, 85,7 долларға түсті.
Сарапшылардың айтуынша, өткен аптада мұнай бағасы қатарынан екінші апта өсім көрсетіп, 5 пайыздан астам қымбаттаған еді. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тұйыққа тірелуі және Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімінің қысқаруы әсер етті. Аталған бұғаз арқылы бұған дейін әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі тасымалданатын.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент дүйсенбі күні өтетін баспасөз мәслихатында Иранға қарсы «тарихтағы ең қатаң санкциялар» енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен сауда жасайтын серіктес елдерге де шектеу шараларын қолдану қаупін көтерді.
Өз кезегінде Тегеран Вашингтонның жаңа санкциялар енгізу жоспарын сынға алды. Бұл ретте Иран президенті Масуд Пезешкиан мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақырған болатын.
Нарықтағы деректерге сәйкес, АҚШ-тың қысым шаралары күшейгеннен кейін Қытайға бағытталған ирандық мұнай ұсыныстары азайып, оның бағасы күрт өскен. Сарапшылар мұны АҚШ-тың шектеу шаралары нәтижесінде Ираннан мұнай жеткізілімінің қысқаруымен байланыстырады.