TikTok Алабама штатына кемінде 100 млн доллар төлеуге және жасөспірім қолданушыларға қосымша шектеулер енгізуге келісті. Бұл келісім компанияға 28 қыркүйекте басталуы тиіс болған сот процесінен құтылуға мүмкіндік берді.
Алабама билігі бұл келісімді әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге ықпалына қатысты тергеулер аясында TikTok пен АҚШ штаты арасындағы алғашқы осындай келісім деп атады.
Келісімге сәйкес, жасөспірімдер үшін TikTok қолдану уақыты тәулігіне екі сағатпен шектеледі. Қосымшаға кіру мүмкіндігі түнгі 00:00-ден 06:00-ге дейін шектеледі, ал мектеп уақытында хабарламалар өшіріледі. Компания жас мөлшерін тексеруді күшейтеді, жасөспірімдерге сыртқы келбетті жақсартуға арналған сүзгілерді қолдануға тыйым салады және оларға жекелендірілмеген контент лентасын ұсынады, деп жазады The Guardian.
TikTok Алабама штатына 100 млн доллар төлейді. Егер белгіленген мерзімде тағы 40 штаттың бас прокуроры компаниямен осындай келісімдер жасаса, жалпы төлем көлемі 300 млн долларға дейін өсуі мүмкін.
Алабама TikTok пен оның бас компаниясы ByteDance-ке қарсы сотқа 2025 жылғы сәуірде жүгінген. Штат билігі компанияны балаларды қорғау құралдарының тиімділігі және кәмелетке толмағандардың сексуалдық және зорлық-зомбылық сипатындағы контентке қолжетімділігін шектеу мәселесінде ата-аналарды жаңылыстырды деп айыптаған.
TikTok компаниясы жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін және келісім тиісті қорғау шараларын одан әрі жетілдіруге деген ниетін растайтынын мәлімдеді.
TikTok-қа қарсы сот істері Калифорния мен Нью-Йоркті қоса алғанда, АҚШ-тың оннан астам штатында әлі де қаралып жатыр.