АҚШ-тың Колорадо штатында хантавирусты жұқтырудың өліммен аяқталған жаңа жағдайы тіркелді.
Ақпаратты Denver7 News таратты.
Қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің мәліметінше, Дуглас округінің тұрғыны хантавирус инфекциясы расталғаннан кейін көз жұмған. Бұл жағдай Атлант мұхитындағы MV Hondius круиздік кемесінде тіркелген хантавирус індетімен байланысты емес екені атап өтілді.
Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлар Колорадо штатында дәл осы мезгілде ара-тұра тіркеліп тұрады. Қазіргі уақытта мамандар инфекцияның қайдан жұққанын анықтап жатыр.
4 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Аргентинадан Кабо-Вердеге бет алған MV Hondius круиздік лайнерінде хантавирустың таралуы туралы хабарлаған болатын. Кеме Испанияның Тенерифе аралындағы портқа жіберіліп, жолаушыларды эвакуациялау операциясы жүргізілді.
18 мамыр күні ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус ауру белгілері 11 адамнан анықталғанын мәлімдеді. Оның ішінде тоғыз адамның диагнозы расталса, тағы екі адамның талдау нәтижесі күтілуде. Сонымен қатар, вирус жұқтырған үш адамды аман алып қалу мүмкін болмаған.