Алғыс айту күні мерекесі кезінде АҚШ-тың шығыс және батыс жағалауларында болған күшті дауылдар жүздеген мың тұрғынды электр қуатынсыз қалдырды. Қатты жел, нөсер жаңбыр мен су тасқыны елдің бірнеше штатына әсер етті.
ВВС-дің хабарлауынша, жұма күні таңертең электр жарығының үзілуінен ең көп зардап шеккен штат Пенсильвания болды. Бейсенбі кешінде жарықсыз қалған үйлер саны миллионға жуықтаған. Вирджиния, Мэриленд және Нью-Джерси штаттарында да электрмен жабдықтауда ақаулар тіркелді.
Қолайсыз ауа райы көлік қатынасына да кедергі келтірді. FlightAware дерегінше, бейсенбі күні АҚШ аумағындағы, елге келетін және одан ұшатын 2 500-ден астам рейс кешігіп, 450-ден астамы тоқтатылған. Жұма күні де әуе қатынасындағы іркілістер жалғасты.
Вашингтонда Алғыс айту күні метеобақылау тарихындағы ең жауын-шашынды күндердің бірі болды. Нью-Йорктегі Орталық саябақта шамамен 5 сантиметр жаңбыр жауып, бұл көрсеткіш аталған орын үшін мерекедегі ең жоғары деңгейге жеткен. Қатты жел салдарынан Мэрилендтегі кейбір көпірлер жабылып, Нью-Йорк пен Нью-Джерсиде төтенше жағдай режимі жарияланды.
Дауыл АҚШ-тың батыс жағалауына да әсер етті. Калифорнияда биік толқындар жағалауды шайып, Amtrak Pacific Surfliner бірнеше пойыз рейсін тоқтатты. Орегон жағалауында күшті толқын ер адам мен итті теңізге алып кеткенімен, полиция екеуінің де зардап шекпегенін хабарлады.
Ұлыбританияның метеорологиялық қызметінің болжамынша, дауыл жұма күні әлсіреп, сенбіде Канаданың Жаңа Шотландия мен Ньюфаундленд провинцияларына қарай жылжиды. Алайда дүйсенбіде АҚШ-қа тағы бір циклон келіп, нөсер жаңбыр мен қатты жел әкелуі мүмкін.