ChatGPT-дің жаңа нұсқасы әзірге барлық қолданушыға қолжетімді болмайды. OpenAI компаниясы GPT-5.6 модельдер топтамасының іске қосылуы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің бақылауымен жүргізіліп жатқанын хабарлады.
GPT-5.6 топтамасына үш модель енді: Sol, Terra және Luna. Олардың ішінде Sol – ең қуатты нұсқа, Terra күнделікті қолдануға арналған, ал Luna жылдам әрі қолжетімді қызмет көрсетуге бейімделген.
The Associated Press агенттігінің мәліметінше, әзірге жаңа жасанды интеллект моделін тек АҚШ билігінің мақұлдауын алған жекелеген пайдаланушылар мен ұйымдар ғана пайдалана алады. OpenAI бұл ұлттық және киберқауіпсіздікке төнуі мүмкін тәуекелдерді бағалауға байланысты уақытша шара екенін мәлімдеді.
Компания мұндай мемлекеттік келісу тетігі тұрақты тәжірибеге айналмауы тиіс екенін айтып, алдағы апталарда жаңа модельді кеңірек пайдаланушылар тобына ұсынуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
АҚШ билігінің мұндай қадамға баруына қуатты нейрожелілердің қауіпсіздік саласына көмектесумен қатар, кибершабуылдарға да пайдаланылуы мүмкін деген алаңдаушылық себеп болған.
OpenAI мәліметінше, GPT-5.6 Sol бағдарламалық жасақтамадағы осал тұстарды анықтау және оларды жоюда айтарлықтай тиімді. Дегенмен компания модельдің басқа құралдармен бірге қолданылғандағы мүмкіндігі бастапқы болжамнан әлдеқайда кең болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
OpenAI жаңа модельдің қуаты жағынан Claude Mythos 5, Claude Fable 5, Gemini 3.1 Pro Preview және басқа да жасанды интеллект жүйелерінен жоғары екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта GPT-5.6 Sol моделіне шамамен 20 ұйым ғана қол жеткізген, алайда олардың атауы жарияланған жоқ.
Сонымен қатар АҚШ билігі Anthropic компаниясының Mythos 5 моделіне қойылған шектеулердің бір бөлігін алып тастады. Бұған дейін әзірлеушілер оның компьютерлік желілердегі аса маңызды осалдықтарды анықтай алатынын айтып ескерткеннен кейін Вашингтон бұл модельдің қолданылуын шектеген болатын.
Маусым айында Дональд Трамп ең қуатты жасанды интеллект модельдерін көпшілікке ұсынар алдында федералдық органдардың тексеруінен өткізуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Ресми түрде бұл рәсім ерікті болғанымен, ірі технологиялық компаниялар өз өнімдерін үкіметпен алдын ала келісуді бастап кеткен.
Ақ үйдің бұл шешімі саясаткерлер мен сарапшылар арасында пікірталас туғызды. Сыншылар билік осылайша ең озық жасанды интеллект технологияларын кімнің және қашан пайдалана алатынын бақылауға мүмкіндік алып отыр деп есептейді. Ал кейбір мамандар мұндай бақылау америкалық компаниялардың дамуын баяулатып, олардың Қытаймен технологиялық бәсекедегі мүмкіндігін әлсіретуі мүмкін екенін ескертеді.