АҚШ-тың Теннесси штатында өлім жазасына кесілген 50 жастағы Криста Пайкты өлім инъекциясы арқылы жазалау әрекеті сәтсіз аяқталды. Әйелге өлімге әкелетін препараттың екі дозасы енгізілгенімен, ол тірі қалған. Бұл туралы dpa басылымы жазды.
Өлім жахасын орындау сәрсенбі күні Нэшвиллдегі Ривербенд қатаң режимдегі түрмесінде орындау жоспарланған. Пайк Теннесси штатында 200 жылдан астам уақыттан бері өлім жазасына кесілетін алғашқы әйел болуы тиіс еді.
Фото: REUTERS
Сот құжатында жазаның орындалуына куә болғандардың сөздері келтірілген. Олардың айтуынша, орындаушылар екі шприцтегі өлім инъекциясына арналған препараттарды енгізгеннен кейін Пайктың әлі тірі болғаны және қорылдағаны байқалған.
Судья Кайл Хиксонның мәліметінше, түрме қызметкерлері әйелге шұғыл медициналық көмек көрсетіп, оны ауруханаға жеткізген. Қазіргі таңда оның денсаулық жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.
Әкімдік тергеу бастады
Теннесси штатының түзету мекемелері департаменті өлім жазасын белгіленген хаттамаға сәйкес орындағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Пайк оқиға орнынан тыс медициналық мекемеге жеткізілген.
Теннесси губернаторы Билл Ли болған жағдайға байланысты тергеу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жылдың соңына жоспарланған тағы бір өлім жазасының орындалуын тоқтатты.
Пайктың адвокаттары бұған дейін өлім инъекциясына қатысты алаңдаушылық білдірген. Олар сотқа берген өтініштерінде сотталған әйелдің көктамырларына қол жеткізудің қиындығы, тамырлардың зақымдануы және препараттың сапасына қатысты мәселелер болуы мүмкін екенін алға тартқан.
Пайк не үшін өлім жазасына кесілді?
Криста Пайк 1996 жылы 19 жастағы танысын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Қылмыс жасалған кезде Пайк 18 жаста болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 1995 жылы Пайк және тағы екі жасөспірім жәбірленушіні Ноксвиллдегі Теннесси университетінің маңындағы оқшау жерде азаптап өлтірген.
Өлім жазасының алдында Пайктың адвокаттары оның бала кезінде зорлық-зомбылық көргенін және бұл жайт бұрынғы сот процестерінде тиісті деңгейде ескерілмегенін алға тартты. Алайда АҚШ Жоғарғы соты штаттың өтінішін қанағаттандырып, жазаны орындауға жол ашты.
Жоғарғы соттың үш судьясы – Соня Сотомайор, Елена Каган және Кетанджи Браун Джексон – бұл шешімге қарсылық білдірді.
Криста Пайк Теннесси штатындағы өлім жазасына кесілген жалғыз әйел болған. Ол өлім жазасына кесілсе, штатта 1819 жылдан бері өлім жазасына тартылған алғашқы әйел атанар еді.
АҚШ-та өлім жазасы жиырмадан астам штатта заңды болғанымен, оны қолдану жиілігі штаттарға қарай өзгереді.