АҚШ-та несие карталары бойынша қарыз 1,29 трлн долларға жетті

Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің зерттеушілері жалпы қарыз көлемінің өсуі азаматтардың қаржылық қиындықтарын көрсететінін атап өтті.

12 Қараша 2026, 03:40
АВТОР
 depositphotos.com 12 Қараша 2026, 03:40
12 Қараша 2026, 03:40
161
Фото: depositphotos.com

АҚШ тұрғындарының несие карталары бойынша жалпы берешегі 2026 жылдың үшінші тоқсанында 22 млрд долларға өсіп, рекордтық 1,29 трлн долларға жетті. Бұл туралы Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің үй шаруашылықтарының қарызы жөніндегі есебінде айтылған. CNBC мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,2%-ға артқан.

Шілде мен қыркүйек аралығында америкалықтардың ипотека, автокөлік және студенттік несиелерді қоса алғандағы жалпы қарызы 334 млрд долларға көбейіп, 19,1 трлн долларға жетті.

Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің зерттеушілері жалпы қарыз көлемінің өсуі азаматтардың қаржылық қиындықтарын көрсететінін атап өтті.

TransUnion компаниясының тоқсандық есебіне сәйкес, бір тұтынушыға шаққандағы несие картасы бойынша орташа берешек 6 678 долларды құрайды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,4%-ға жоғары. Ал несие картасын пайдаланушылар саны 2%-ға өсіп, 178 миллион адамға жеткен.

LendingTree дерегінше, несие карталары жаңа қарыз алудың қолжетімді тәсілдерінің бірі саналғанымен, олардың орташа пайыздық мөлшерлемесі шамамен 24%-ды құрайды. TransUnion компаниясының жаһандық зерттеулер және кеңес беру жөніндегі аға вице-президенті Чарли Уайз несие карталары қарыз алудың ең қымбат түрлерінің бірі екенін ескертті.

Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің зерттеушілері табысы төмен және несиелік рейтингі төмен азаматтар арасында жаңа несие карталарын пайдалану көбейгенін айтады. Мұндай шоттар бойынша төлемді кешіктіру жағдайлары да жиілеген. Мамандар мұны пандемия кезінде несие берушілердің талаптарды жеңілдетуімен және кейінгі жылдары инфляция мен қарыз құнының өсуімен байланыстырады.

Сонымен қатар АҚШ-та азық-түлік пен жанармай секілді күнделікті қажетті тауарлардың бағасы қымбаттап келеді. Money Management International ұйымының тұтынушылық несие жөніндегі бас талдаушысы Тед Россманның айтуынша, баға мен пайыздық мөлшерлеменің өсуі америкалықтардың қарызға көбірек жүгінуіне себеп болып отыр.

Наверх