АҚШ-та дауыл соғып, жүздеген рейс тоқтатылды: Бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды

АҚШ-тың шығыс жағалауын қуатты дауыл жайлады. Қатты жел мен нөсер жаңбыр салдарынан 460 рейс тоқтатылып, тағы 2 508 рейс кешікті.

27 Қараша 2026, 12:13
АВТОР
 видеодан скриншот 27 Қараша 2026, 12:13
27 Қараша 2026, 12:13
97
Фото: видеодан скриншот

АҚШ-та қуатты дауыл соғып, бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды. Нөсер жаңбыр мен екпінді жел салдарынан жүздеген рейс тоқтатылып, мыңдаған рейс кешікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC News-ке сілтеме жасап.

FlightAware мәліметінше, бейсенбі күні АҚШ-та 460 рейс тоқтатылып, тағы 2 508 рейс кешіккен. Федералдық авиация басқармасы ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстердің кідіруі апта бойы жалғасуы мүмкін екенін ескерткен.

Дауыл салдарынан Пенсильвания, Мэриленд, Вирджиния және Нью-Джерси штаттарында электр жарығы өшті. Бейсенбі күні кешке қарай 80 мыңнан астам үй электр қуатынсыз қалғаны хабарланды. Энергетикалық компаниялар жарықты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кейбір аудандарда электр қуатын беру бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Шығыс жағалауда желдің жылдамдығы сағатына 70 мильге дейін жетіп, нөсер жаңбыр мен су тасқыны тіркелді. Мэриленд штатында қатты желге байланысты кейбір көпірлер жабылды. Вашингтондағы Рональд Рейган атындағы ұлттық әуежайдың ұшу-қону жолақтарын су басты.

АҚШ-тың батыс жағалауында да дауылды ауа райы күтілуде. Ұлттық ауа райы қызметі Калифорнияда нөсер жаңбыр, таулы аймақтарда қар жауып, жел күшейетінін ескертті. Кейбір аудандарда жағалаудағы су деңгейі 2,4 метрден асуы мүмкін.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Калифорния жағалауымен қатынайтын Amtrak Pacific Surfliner пойыздарының бірнеше рейсі тоқтатылды. Бұған толқын салдарынан теміржол желісінің шайылуы себеп болған.

Америкалық автомобиль қауымдастығының болжамынша, Алғыс айту күніне орай 81,5 миллион америкалық үйінен кемінде 80 шақырым қашықтыққа сапарға шығуды жоспарлаған.

 

Наверх