АҚШ шетелдік роботтарды әкелуге тыйым салды

Киберқауіпсіздік пе, әлде бәсеке ме? АҚШ-тың роботтарға қарсы жаңа шектеуі

 ©BAQ.KZ 29 Шілде 2026, 20:27
29 Шілде 2026, 20:27
93
Фото: ©BAQ.KZ

Дональд Трамп әкімшілігі шетелде өндірілген жаңа адам тәріздес роботтарды импорттауға тыйым салды. Себебі ретінде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қолайсыз тәуекелдер аталды. Ресми шешімді сейсенбіде Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Тыйым озық робототехникалық құрылғыларға, соның ішінде адам тәріздес және төрт аяқты машиналарға қатысты. Формальды түрде шектеу белгілі бір елге байланбаған және кез келген шетелдік өндірушіге қатысты. Алайда бұл бәрінен де бұрын негізгі жеткізу көлемі тиесілі Қытайға қатты соққы болып тиеді. Шектеуге күн панельдері мен деректерді өңдеу орталықтарында қолданылатын желілік инверторлар да ілікті.

Нақты не нәрсеге тыйым салынды?

Тауарлар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін өнімдер тізілімі – Covered List-ке енгізілді. FCC рұқсатынсыз бірде-бір электронды құрылғы Америка нарығына кіре алмайды. Сондықтан шетелдік робот өндірушілер іс жүзінде бұл нарыққа қол жеткізу мүмкіндігінен айырылады.

Шектеулер реттеушінің рұқсатын талап ететін жаңа модельдерге ғана қатысты. Алдыңғы сатып алынған құрылғылар мен бұрын мақұлданған өнімдер тыйымға жатпайды. Егер АҚШ Соғыс министрлігі (бұрынғы Қорғаныс министрлігі), ал инверторлар жағдайында Ішкі қауіпсіздік министрлігі белгілі бір құрылғыны қауіпсіз деп таныса, өндірушілер шартты түрде мақұлдау процедурасы арқылы ерекше жағдай ретінде рұқсат алуға ұмтыла алады.

Шешімді қалай түсіндіреді?

Құжатта желіге қосылған роботтар америкалықтарды бақылау үшін пайдаланылуы мүмкін деректерді жинайтыны, ал машиналардың өзін қаскөйлер басып алып, қашықтан басқара алатыны айтылған. Осыған ұқсас қауіптер инверторларға да қатысты айтылды. Оларды сырттан өшіріп тастауға, сондай-ақ олар арқылы деректерді ұрлауға немесе қашықтан қол жеткізуге болады.

Қытайдың реакциясы

ҚХР-дың Вашингтондағы елшілігі Пекиннің сауда мәселелерін саясаттандыруға және ойдан шығарылған сылтаулармен санкциялар енгізуге қашан да қарсы екенін мәлімдеді. Олар ел мүддесіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жауап ретінде барлық қажетті шараларды қабылдауға уәде беріп, АҚШ-ты гегемондық ойлау жүйесінен бас тартуға және қытайлық компанияларды қаралауды тоқтатуға шақырды.

Айта кетейік, қытайлық компаниялар бұл нарықта көшбасшы орындарды иеленіп отыр. Адам тәріздес роботтарды шығаратын он ірі өндірушінің алтауы ҚХР-да орналасқан. Барлық жеткізілімнің 87%-ы соларға тиесілі. Қытайдың Коммерция министрлігі сәрсенбіде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өнеркәсіптік роботтар экспорты 18,6%-ға өскенін мәлімдеді.

Бұған дейін Вашингтон Қытайдың гуманоидты роботтарына қарсы жаңа шаралар әзірлеп жатқаны хабарланды

 

 

Наверх