АҚШ Ресейге қарсы кезекті санкциялық шаралар пакетін әзірледі. Алайда шектеулердің бірден енгізілетініне қатысты нақты белгі жоқ. Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
РБК дерегінше, Вашингтон Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аясында бейбіт келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Ресейдің энергетика секторына қысымды күшейтуді жоспарлаған. Ал Мәскеу дәстүрлі түрде санкцияларды заңсыз деп атап келеді.
Энергетика мен флот нысанаға алынуы мүмкін
Дереккөздердің мәліметінше, бірнеше сценарий қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, АҚШ "көлеңкелі флот" деп атайтын және мұнайды теңіз арқылы тасымалдауға пайдаланылатын кемелер санкция тізіміне ілінуі мүмкін. Сондай-ақ мұндай операцияларға қатысы бар трейдерлерге де шектеулер қойылуы ықтимал.
ЕО 20-санкциялар пакетін әзірледі
Сонымен қатар Еуропалық одақ та Ресейге қарсы жаңа шектеулер дайындап жатыр. Politico басылымы еуропалық дипломаттарға сілтеме жасап, Брюссель Ресейге қарсы 20-шы санкциялар пакетін әзірлегенін хабарлады. Құжаттың қабылдануы кейінге шегерілгенімен, Еурокомиссия оны "кез келген күні" бекітуі мүмкін.
БАҚ дерегінше, жаңа пакет 24 ақпанға дейін жариялануы ықтимал. Сонымен қатар ЕО Ресейден металл импортын, оның ішінде иридий, родий, платина және мыс жеткізілімін шектеу мүмкіндігін қарастырып отыр.