АҚШ Оман шығанағында жүк кемесіне соққы жасап, істен шығарды

АҚШ тарапының мәліметінше, кеме бұған дейін Иран портына кіріп, кейін аймақтан шығуға әрекет жасаған.

 pexels.com 9 Қараша 2026, 07:42
9 Қараша 2026, 07:42
219
Фото: pexels.com

АҚШ әскери күштері Оман шығанағында сауда кемесіне соққы жасады. Ал Иран Ормуз бұғазында екі мұнай танкері теңіз миналарына жарылғанын мәлімдеді. Оқиғалар теңіз жолдарына қатысты АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейген тұста болды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) хабарлауынша, америкалық әскери ұшақ Сент-Китс және Невис туымен жүзіп жүрген Huda жүк кемесіне дәл соққы жасаған. Салдарынан кеме қозғалысқа жарамсыз күйге түскен.

Америкалық әскери қолбасшылықтың мәліметінше, шабуыл алдында кеме экипажына қауіпті бөліктерден кету туралы ескерту жасалған. АҚШ тарапының айтуынша, Huda кемесі бұған дейін Иран портына кіріп, кейін аймақтан шығуға әрекеттенген. Сондай-ақ экипаж америкалық әскерилердің Иранға қарсы теңіз блокадасын сақтау туралы бірнеше талабын орындамаған.

CENTCOM шілде айынан бері АҚШ әскери күштері 147 коммерциялық кеменің бағытын өзгерткенін, ал блокада талаптарын орындаудан бас тартқан тағы бес кемені істен шығарғанын хабарлады.

Бұдан бөлек, америкалық қолбасшылық Иранның он коммерциялық мұнай танкері жойылғанын мәлімдеді. АҚШ әскери күштерінің айтуынша, бұл кемелер Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) бақылауындағы құны бірнеше миллиард доллар болатын көлеңкелі мұнай тасымалдау желісіне кірген.

Ал Иран әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы рұқсат етілмеген бағытпен өтпек болған екі мұнай танкерінде жарылыс болғанын хабарлады.

ИРСК мәліметінше, танкерлердің бірі бұғаздың шығысында, екіншісі Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқан кезде жарылған. Иран тарапы екі кемеде де навигациялық және GPS жүйелері өшірілгенін мәлімдеді. Жарылыстан кейін танкерлер өртенген.

Тегеран АҚШ әскери күштерімен ынтымақтасатын және Иран тыйым салған аймақтарға кіретін кемелер теңіз миналарына жарылуы мүмкін екенін ескертті.

Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына бірлескен соққы жасағаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазындағы бақылауды күшейтті. Иран билігі АҚШ пен Израильге тиесілі немесе осы елдермен байланысты кемелердің бұғаз арқылы қауіпсіз өтуіне тыйым салды. Бұған жауап ретінде Вашингтон Иранға қарсы әскери-теңіз блокадасын енгізді.

Наверх