АҚШ пен Иран арасында уран мәселесіне қатысты ірі келісім талқыланып жатыр. Axios мәліметінше, Вашингтон Тегеранға 20 миллиард доллар көлеміндегі бұғатталған қаражатты қайтаруды қарастырып отыр. Оның орнына Иран байытылған уран қорынан бас тартуы тиіс.
Келіссөздердің басты өзегі – Иранның шамамен 2000 келіге жуық байытылған ураны, оның ішінде 60%-ға дейін байытылған қауіпті көлемі. АҚШ үшін негізгі мақсат – осы уранның ядролық қару жасауға қолданылуына жол бермеу. Сондықтан тараптар уранды толық шығару, үшінші елге беру немесе сұйылту сияқты бірнеше нұсқаны талқылап жатыр.
Қазіргі ұсыныстардың біріне сәйкес, уранның бір бөлігі шетелге шығарылып, қалғаны халықаралық бақылаумен Иран ішінде бейтараптандырылуы мүмкін. Сонымен қатар, Иранға уран байытуды уақытша тоқтату туралы мораторий енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл мерзім бойынша АҚШ 20 жыл ұсынса, Иран 5 жылмен шектелгісі келеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай келісім соғысты тоқтатуға мүмкіндік беруі мүмкін, бірақ уранға қатысты ымыра екі ел ішінде де саяси сынға ұшырауы ықтимал. Өйткені мәселе тек қаржыда емес, ядролық қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылыққа тікелей байланысты болып отыр.