АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі апта ішінде Американың Иранға әскери соққы жасау-жасамауына қатысты шешім қабылдайды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт тұрақты брифинг барысында журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Левитттің айтуынша, Вашингтон Иранмен дипломатиялық жолмен мәмілеге келу мүмкіндігін әлі де көріп отыр.
Иранмен келіссөз жүргізудің елеулі мүмкіндігі болғандықтан, президент әрекет ету керек пе, жоқ па, осыны таразылап отыр, - деді Ақ үй өкілі.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Трамптың Иранға қатысты ұстанымы туралы жазған болатын. Басылымның мәліметінше, Трамп Иранға шабуыл жасау жоспарын жеке өзі мақұлдаған, алайда 17 маусым, сейсенбі күні кешке өзінің аға кеңесшілерімен өткен кеңес барысында ол бұл шешімді уақытша кейінге қалдыруды жөн көрген.
Президент бұл қадамды Иран билігі өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартуға ниетті ме, жоқ па, соны анықтау мақсатында кейінге шегергенін түсіндірген. Сонымен қатар, Трамп "Иран туралы нақты не ойлайтынымды білмеймін" деп те мәлімдеген.
Саяси шолушылардың пайымдауынша, Ақ үй тарапынан Иранға әскери соққы жасау ықтималдығы Таяу Шығыстағы ахуалды күрделендіруі мүмкін. Дегенмен, Трамп әкімшілігі дипломатиялық арналарды сақтап қалуға да мүдделі екенін байқатып отыр.